Гүлжауһар Қабдыкаримқызы Төлегенова – мұғалім, директордың орынбасары

Биология пәнінің мұғалімі Гүлжауһар Төлегенованың еңбек жолы еліміз егемендік алған жылдарға дөп келген. Қиын-қыстау кезеңнің өзінде шәкірт тәрбиелеуден шаршамаған педагогтің еңбегіне қарап данышпан Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген сөзі еске еріксіз түседі. Облыстық және халықаралық вебинарлар, конференциялар мен олимпиадаларға биология пәні бойынша қашықтықтан белсенді түрде қатысып тұрады. Сондай-ақ, шәкірттері де аудандық, облыстық пәндік олимпиадалардан жүлделі орындар алып жүр.

Ерекше айта кететіні, ол күйеуі екеуі 2009 және 2017 жылдар аралығында әртүрлі ұлттың 11 баласын бауырларына басып, патронат атанған. Тапқан емес, баққан әке-шешелерінің қолында өсіп жатқан балалардың екеуі бүгінде кәмелет жасына толып, колледж бітіріп, өз алдына жеке үй болыпты. Бұл отбасы 2015 жылы «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінде жеңімпаз атанған. Г.Төлегенова «Нұр Отан» партиясының «Кең жүрек-2013» марапатымен бірге білім саласындағы табанды қызметі үшін көптеген алғыс хаттарға ие болған.