Хайрулла Қожабаев – «Кентау трансформатор зауыты» АҚ Басқарма төрағасы

 

Хайрулла Байділдәұлы білдей бір зауыттың жұмысын өз қолына алып, оның заман талабына сай, жапон стандартымен жұмыс жасауын қамтамасыз етіп, кез келген дағдарыстың оңай шешімін тауып отыр. Сондай-ақ, қолы кең төраға әрдайым демеушілік жасап, қалада өтіп жатқан іс-шараларға белсен ат салысады. Қазірде "Кентау трансформатор зауыты" тек  жоғары сапалы трансформаторлар өндіріп, шетел нарығын бағындыруға ілкімді қадамдар жасап отыр.

Х.Б. Қожабаев 2007-2013 жылдар аралығында «Казтрансформатор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сату директоры, 2013-2015 жылдары «АЭМЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас директоры, 2015 жылдан осы уақытқа дейін «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамында Басқарма төрағасы қызметінде.

Хайрулла Байділдәұлы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ басшылыққа алғалы бері зауытта көптеген оң өзгерістер жасалды. Зауыттың басшысы ретінде экономикалық дағдарыс кезінде аз шығынмен зауыттың жұмыс жасауын қамтамсыз етіп отыр, оның ішінде атап айтсақ штаттық кестеден жұмысшылардың санын қысқартпау, жалақысын уақытылы төлеу, зауыт жұмысын бір қалыпта сақтап, жапондық стратегия «Кайдзен» тәсілін өндіріске енгізіп, зауыттың алдына қойылған міндеттерін тиімді шешіп отыр.

Зауыт  бүгінгі таңда инновация­лар локомотиві, заманауи талапқа сай механизацияланған кешен. Көлемді арттыру және бұйымдардың жаңа түрлерін игеру қажеттіліктеріне қарай жаңа цехтар салынып, мүмкіндіктер артуда. Зауытқа қажет бөлшектер шетелден тасымалданады. «Кентау трансформатор зауытының» өнімдері шетел нарығына шыққалы жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Экспорттың 30%-ға дейінгі көлемі Ресейге, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түрікменстанға, Қырғызстанға, Иранға, Әзербайжан мен Ауғанстанға шығарылады. КТЗ-ның өнімін еліміздегі «ҚазМұнай­Газ», «Қазақстан темір жолы», «Қаз­ТрансОйл», «КEGOС», «ҚазақАлтын», «ҚазЦинк» секілді отандық алпауыт компаниялар сатып алады.

Зауыт жұмысынан бөлек ол Кентау қаласында болып жатқан мәдени шараларды ұйымдастыруға белсене ат салысып жүр.

Сондай-ақ, Хайрулла Кожабаев демеушілік пен қайрылымдық туралы да ұмытқан емес. Ол 2016 жылы алты миллион көлемінде, 2017 жылы 47 миллион көлемінде қаржылай көмек берді.