Хамитбек  Қуандықұлы – қасиетті Торғай топырағынан шыққан алашшыл ақын. Жырлары ерекше өрнекпен өрілген Хамитбек Мұсабаевтың есімі көпшілікке таныс десек қателеспеген болармыз.

Торғай, бүгінгі Қостанай облысы Аманкелді ауданының түлегі, отызында орда бұзған талантты ақын Хамитбек Қуандықұлы Мұсабаев. Хамитбек ақын кейін Ахмет Байтұрсынов жайлы «Қаншеңгел», «Ахметтің соңғы күндері», «Наркескен» атты поэмалар шоғырын, Міржақып Дулатов туралы «Мағжанмен мақұлдасуы», «Міржақыптың соңғы монологі», «Абылай хан мен Бұқар жырау», «Нұрсұлтан Назарбаев», «Тәуелсіз Қазақстаным» атты күрмеуі қатты күрделі дастандар жазып, қырқында қамал алды.

Көрнекті ақын Серік Тұрғынбеков Хамитбек Мұсабаевтың шығармашылығы жайлы былай деп толғанды: «Сөз өнерінің қадір-қасиетін жанымен ұққан ақын інімнің «Наркескен» кітабына алғысөз жазу барысында оның көп оқып, көп ізденетініне және ақындық еңбегінің жемісті екеніне қаламдас ағасы ретінде қатты қуандым. Әдетте өлең жазушы көп те, шын ақын аз. Хамитбек – ақын. Ақын болғанда өлең-жырларынан көркемдіктің қуаты менмұндалып тұрған ақпа-төкпе ақын. Қуаныштысы, Хамитбекте жүректің отымен жазылған өлең көп. Соңымыздан осындай дарынды ақындардың келе жатқаны үшін қуана білуіміз керек деп ойлаймын. Сондықтан да оған өлеңде бағың жансын, бауырым! – деп ақ тілек білдіремін».

Ақын Хамитбек Мұсабаевтың Алаш ардагерлерімен қатарлас көп жырлаған, дөп жырлаған ең басты тақырыптарының бірі ғана емес, бірегейі – Тәуелсіздік!

Ел болып шырқар – басты әнім,

Ел болып жырлар – дастаным.

Бір өзің десем, артық па?

Тәуелсіз Қазақстаным!- деп жырлады.

Қабырғалы қазақ әдебиетінің қоржынына қомақты олжа салып жүрген бірі – шалғайда да шабыт барын талантты туындыларымен дәлелдеп келе жатқан белгілі ақын Хамитбек Қуандықұлы Мұсабаев «Ақ жол», «Ахаң – Жақаң ізімен», «Алаш-Орда арманы», «Наркескен», «Таразы» «Алаш аманаты» және басқа да бірқатар жыр жинақтарының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Бейімбет Майлин атындағы сыйлықтың, «Жігер», «Елім менің» фестивальдарының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

Алты алашқа әйгілі Ғафу Қайырбеков, көрнекті ақын Серік Тұрғынбеков, белгілі жазушы Сабыржан Шүкіров, танымал ақын Нағашыбай Мұқатов, әдебиетші Торғын Уәшова, сөз қасиетін бір кісідей білетін эрудит Жайық Бектұров, т.б. қаламгерлер республикалық газет, журналдарда жарияланған мақалаларында Хамитбек Мұсабаевтың ақындық талантын жоғары бағалады.

Көрнекті ақын, боз даланың бозторғай жыршысы Есенбай Дүйсенбаевтың сөзімен айтсақ: «Талант үшін периферия жоқ». Елде де талант, шалғайда да шабыт бар. Елдегі қаламгерлер өздерін емес, Алматы мен Астанадағы ақын-жазушыларды насихаттайды. Үндемей жүріп үлкен істер тындырып жүрсе де өздері көп көзіне түспей, көп еленбей, тасада қала береді. Кісілігіне кішілігі сай сондай талант – Хамитбек Мұсабаев.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1971 жылы «Қарасу» кеңшарында жұмысшылықтан бастап, аудандық Пионерлер үйінде тәлімгер, директор болды. 1972 жылдан бірыңғай журналистік қызметпен айналысып, Амангелді аудандық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып істеді. 1990 жылдан газет редакторы. Бұған қосымша 2002 жылдан Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің меншікті тілшісі қызметін қатар атқарып келеді. Хамитбек Мұсабаев – «Амангелді арайы» газетінің бас редакторы.