Ирина Рыбас - педагог

Ирина Рыбас - ұлағатты ұстаз. Көп жылдар бойы білім саласында қажырлы еңбек еткен кәсіби маман. Болашақ ұрпақты терең білімге, отансүйгіштікке, жауапкершілікке тәрбиелеуде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келеді.

Ол 1966 жылы 4 мамырда Челябинск облысы Байкал қаласында дүниеге келген. 1985 жылы Рудный педагогикалық училищесін бітірген. Қазіргі таңда ол Раздольный орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі. Өмірін білім беру саласына арнаған ұстаз өзі қызмет ететін білім ошағында 32 жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келеді. Қызмет барысында өзін жан-жақты білімді, зерделі, жауапты, тәжірибелі маман ретінде көрсете білген Ирина Рыбас соңғы заманауи технологиялық әдісті пайдалана отырып шәкірттеріне білім беруде.

Ұлағатты ұстаз орыс тілі пәні бойынша дидактикалық материалдарды 2-ші сыныпқа және математика пәні бойынша 4-ші сыныпқа дайындады. Ол жетекшілік ететін сынып оқушылары облыстық олимпиадада жүлделі орын алып, ғылыми жобалары арқылы «Атамекен» және «Ақбота» «Пони» республикалық конкурстарында үздік деп танылды. Сондай-ақ педагог аймақтық семинарларға, шараларға белсене қатысады. Шәкірт тәрбиелеуде үлкен мән береді. Оқушылардың білімді болып өсуіне, отансүйгіштік қасиетке ие болуына, болашаққа нық сеніммен қадам басып биікке ұмтылуына жол ашып келеді.

Ирина Рыбастың өзі де рухани, кәсіби сауатты маман. Ұстаздың бойынан мейірімділікті, ісіне деген адалдықты, жауапкершілікті, жұмысына деген махаббатты және басқа да жақсы қасиеттерді көруге болады. Ол жоғары деңгейлі бағдарламалар шеңберінде екінші (негізгі) деңгейдегі бағдарлама бойынша мұғалімдерді даярлау курстарын бітірді. Көпке үлгі бола білген Ирина Рыбас көптеген аймақтық, қалалық, облыстық деңгейдегі алғыс хаттармен марапатталған. Ол бүгін де жоғары санаттағы ұстаз.