Ислам Байрамуков – қоғам қайраткері, спортшы

Мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, телидарда да, радиода да, тіпті тікелей эфирлерде өз ойын қазақ тілінде еркін жеткізетін ұлты  қарашай болғанымен жаны қазақ – Ислам Байрамуков.

Ислам Байрамуков – 1971 жылы 12 маусымда Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов  ауданы, Каменка ауылында дүниеге келген. Қарашай ұлтының тумасы. Грек-рим күресінен Сидней олимпиадасында күміс жүлдегері. Екі дүркін Азия кубогының иегері. 2000 жылы Азия чемпионы атанған. Еркі мәрте Шығыс Азия ойындарының чемпионы атағын алды. Бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы атанған. 2004 жылы ол спортты қойып, педагогикалық салаға ауысады. Қазірде еркін күрес бойынша аға бапкер, өз білгендерін жастарға үйретіп, жас жеткіншектерді тәрбиелеумен айналысып келеді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 1991 жылы  Еркін күрестен СССР кубогінің,  2000 жылы  «Парасат» орденімен марапатталған.

Өзінің күреске деген қызғушылығын ауылда жүргенде пайда болғанын еске салып айтады.

«Ауылда өскен соң белгілі ғой мал қарайсың, қызық қуасың, көршінің балаларымен алысасың, жұлысасың. Футбол ойнаймыз. Жазық далаға шығып күресеміз. Бірінші жаттықтырушым да Серік Нұрманбетов деген кісі еді. Көршім болатын. Өзімнен бірнеше жас үлкен жігіттермен күрестіріп, шынықтырып алған-ды. Осыдан барып күреске деген қызығушылық ояна бастады.» - дейді ол.

Ұлты басқа болғанымен, ол қазақ тілін, қазақ халқының бүкіл салт-дәстүрін бір адамдай білетінін бәріміз мақтан тұтамыз. Қарашайлық Ислам Байрамуков тек Жамбыл облысында ғана емес, еліміз үшін де құрметті, сыйлы адам. Қоғам қайраткері, еліміздің бетке ұстар, халыққа үлгі болар азаматтардың бірі.