Қабиболла Хамзин – экономика ғылымдарының кандидаты

Еңбек жолын тұтынушылар кооперативінде бастаған ол осы салада табаны күректей отыз бір жыл қызмет етті. 1995 жылы жаңадан құрылған Обаған ауданындағы тұтынушылар кооперативінің негізін қалап, әрі аталмыш мекемені алғашқы болып басқарған Қ.Хамзин еліміздегі беделді экономистердің мектебі болған Қостанай кооперативтік техникумына басшылық қызметке тағайындалады. Ол қызметке келісімен бір жыл өткен соң білім ошағының атауы «Қазтұтынуодағы Қостанай экономикалық колледжі» деп өзгертілді. Кезінде өзінің замандасы, белгілі қоғам қайраткері Орал Мұхамеджанов білім алған колледж қандай кезеңді бастан кешсе де, білікті басшы, жасынан ортасына сыйлы болған Қ.Хамзин басқарған 17 жыл ішінде едәуір жетістіктерге жетті. Ең бастысы, республиканың түкпір-түкпірінде өз ісінің кәнігі маманы болған экономистерді тәрбиелеп шығарды.

 Білім беру саласындағы өзгерістерге және Қазақстан-2050 стратегиясының жаңа басым бағыттарына байланысты Қазтұтынуодағы Қостанай экономика колледжі аталған  стратегия аясында өздерінің негізгі басымдық айқындамасында көрсетілген «Экономика саласындағы  мамандардың жан-жақты кәсіби кешенді тұлғасын қалыптастыру үшін жағдайлар жасау» мақсатын орындау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, түлектердің нарықта сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету үстінде. 2009 жылдан бастап колледжде сапа менджменті  жүйесі енгізілген.

Қ.Хамзиннің экономика және білім беру саласындағы үздіксіз еңбегі мемлекет тарапынан еленбей қалмады. Ол «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалін, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін иеленсе, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Қазтұтынуодағы мен Қостанай облыстық білім басқармасының мақтау қағаздарымен марапатталған.