Қадыр Бияшев — ветеринария ғылымының докторы

Қадыр Бияшұлы мал дәрігерлік ғылымы саласында көптеген ғылыми жетістіктерге жеткен, шәкірттер тәрбиелеген білікті ғалым, Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің майталман ардагерлерінің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында еңбек етті, беріректе салалас әрі сабақтас екі білім ордасының бірігуімен Қазақ ұлттық аграрлық университеті құрылғанда, бұрынғы ізбен өзінің қызметін одан әрі жалғастырды. Қазіргі уақытта осы жоғары білім ордасында мамандар даярлау ісінен молынан үлес қосып жүрген жан.

Қадыр Бияшев 1939 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ол бұл күнде тапшы мамандықтардың бірі болып саналатын малдәрігерлік саласында үлкен жетістітерге жеткен. Ол инфекциялы аурудың алдын алу үшін пайдаланылатын биологиялық дәрі-дәрмектің 23 түрін ойлап тауып, өндіріске енгізген. Қадыр Бияшұлы ойлап тапқан дәрі-дәрмектің 10-нан астам түрі Сан-Диего қаласында өткен «Қазақстан-95» конференция-көрмесіне қойылып, мақтау қағаздарына ие болған. Ғалым ірі қара мен құстардың ішек ауруларының алдын алу жөнінде 170-тен аса ғылыми-әдістемелік еңбек жазып,  ғылыми еңбектері Түркия, Германия, Ресей, Беларус баспасөздерінде жарияланған.  Бұл күнде оның 2 авторлық куәлігі, 21 патенті бар.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ежелден келе жатқан бөлімшелерінің бірі "Малдәрігерлік факультетінде" көптеген жылдар бойы табысты еңбек етіп келе жатқан профессор:

- Факультет тарихы 1929 жылдан басталады. Қазіргі уақытта мұнда төрт кафедра жұмыс істейді. Біздің лабораторияларымызда түрлі қауіпті мал ауруларына қатысты 30-дан астам вакциналар мен дәрі-дәрмектер дайындалып, ветеринарлық практикаға кеңінен енгізілді. Осы бағытта 8 ғылыми-өндірістік лаборатория мен «Айболит» ветеринарлық клиникасы табысты жұмыс істеуде. Біздер халықаралық ағарту және ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыру, оқытушылар кадрларын алмасу және студенттік академиялық ұтқырлықты дамыту жолымен шетелдік жетекші университеттермен, ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтаса еңбек етудеміз. Ол байланыс аясында АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Франция, ҚХРК, Нидерланды, Израиль, Корея, Канада, Польша, Ресей және басқа елдерді атауға болады, - дейді.

Қазір Елбасымыз өзіміз ет экспортын жасаймыз деген міндет қойды алдымызға. Бұл да оңай шаруа емес. Мал дәрігерлік қызметті жандандыратын кезең қайтадан туып келе жатыр. Малдың басы көбеюі, тұқымы асылдануы үшін білікті мал дәрігері шаруа адамының қасында болуы тиіс. Сонда қауіпті аурудың алдын алуға болады, мал тұқымын аздырмаудың амалдары жүзеге асырылады, басқа да көптеген шаралар біліктілікпен қолданылатындығын айтқан профессор:

- Менің ойымша, алдағы уақытта зоотехниктерді селекционер деп атаған дұрыс. Өйткені селекциясыз мал өсіп-өнбейді. Негізінде, бір жаңа тұқымды шығару үшін жиырма-жиырма бес жыл керек. Осы істің соңына біреу түспесе, өзінен-өзі орындала қалады деуге болмайды. Енді мына жәйтке көңіл аударыңыз. Үкімет 2001 жылы барлық жерде мал дәрігерлік лабораторияларды жапты. Аудандардағы малдәрігерлік станциялар жұмыстарын тоқтатты. Енді арада он жылдан астам уақыт өткенде не болды дейсіз ғой. Жаңағы лабораториялар осы бірер жылдықта қайтадан жұмыс істей бастады. Ветеринарлық станциялар екі ауданға біреу болса да, іске қосылуда. Бұл нені білдіреді? Демек, қателік жөнделуде. Жақында ғана республикамыздың басқа жерлеріндегі сияқты Ақтөбе облысында да осы қызметтерді жүргізу үшін барлық аудандарға заманауи жабдықталған көліктер бөлінді. Бұл — мал шаруашылығын одан әрі дамыту, мемлекеттік тұрғыдан қолға алыну деген сөз, - қуанышымен бөлісті Қадыр Бияшұлы.

Республика Президентінің ауылды дамытуда алға қойған негізгі міндеттері — ауыл шаруашылығында қолданылатын технологияның артта қалуын болдырмау, ішкі және сыртқы нарықта өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, нарықтың қайта жаңаруын тереңдету, ауыл тіршілігінің әлеуметтік жағдайларын жақсарту болып табылады. Жаңа жағдай талаптарын соған сай жұмыс істеуге қабілетті әрі жоғары білімді мамандар болғанда ғана шешуге болады.

Міне, осыған қарап-ақ ауылдың болашағын болжамдауға болады. Ал Қадыр атадай ғалымдардың  міндеті — жоғарғы деңгейлі кадрлар даярлау ісін жетілдіре беру.