Ақдаулетова Қаракөз Ақжігітқызы 1956 жылы 3 наурызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Комсомол совхозында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы Н. В. Гоголь атындағы педагогикалық институтына музыка факультетіне оқуға түсіп, 1977 жылы сол институтты бітіріп, оқытушы болып қызмет жасады. 1981 жылы Алматы қаласында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияға ән бөліміне оқуға түсіп, Қазақ бұлбұлы, профессор Б. А. Төлегенованың класын 1985 жылы бітірді. Сол жылдардан бастап Қызылорда музыкалық училищесінде «Ән салу» бөлімінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс жасап, 2014 жылдан бастап меңгерушілік қызметін артынан ерген шәкірті Аргинбаева Перуза Амангельдықызына  табыстап өзі оқытушылық қызметін атқаруда. 

1996 жылдың желтоқсанында Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың бұйрығымен Қазақстан Республикасының  Еңбегі сіңірген әртісі құрметті атағына ие болды. 
1997 жылы желтоқсан айында педагогикалық еңбегі үшін Білім Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
2001 жылы желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл толуына байланысты Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. 
2014 жылы Облыс әкімінің білім беру саласы қызметкерлеріне тағайындаған сыйақысымен маарпатталды. 
2015 жылы Қызылорда облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 
2016 жылы Облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен»  марапатталды. 
Қаракөз Ақжігітқызы Халықаралық, Республикалық Өнер конкурстарында қазылар алқасының мүшелігінде. Атап айтар болсақ Халықаралық Бозторғай балалар конкурсы, Республикалық К. Дүйсекеев атындағы конкурс, Ағайынды Абдуллиндер атындағы вокалдық конкурс, М. Төлебаева атындағы вокалдық конкурс. 
Қаракөз Ақжігітқызының класын бітірген оқушылары Республикамыздың түкпір түкпірінде Мәдениет саласында жұмыс атқарады.