Кәріпбек Күйіков Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жердегі Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында 1968 жылы туған. Ол полигонның ащы зардабын көрген жандардың бірі. Туғанынан қолы жоқ болса да, ол еш мойымай, Семей полигонының жабылуына атсалысады. Кәріпбек Күйіковтің ядролық қаруға төзуге болмайтынын Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге дәлелдеп жүрген қайсарлығы көпшілікке белгілі. Оның тісімен немесе аяқтарының башпайының көмегімен салған суреттері полигонның қасіретін көз алдыңа әкеледі. Оның туындылары Түркияда, Жапонияда, АҚШ-та, Германияда, тағы да басқа шет мемлекеттердің көрмесіне қойылды. Ал суретшінің  «Жарылыс» атты туындысын Елбасы АҚШ президенті Барак Обамаға табыстаған еді. 

Тумыстан екі қолсыз, белі бүкіштеніп дүниеге келген ол қаршадайынан Алматы мен Ленинградтың  ортопедиялық институттарының зерттейтін әрі протез сынайтын объектісіне айналған. Мүгедек балаларға арналған арнайы мектеп интернатқа қабылданған. Сонда жүріп, бояулы қарындаштарды алғаш көргеннан-ақ  ол суретші болуды армандайды.  Сөйтіп, қалай болса да, қайтсе де сурет салуға ұмтылған. Қолы болмағандықтан алғашында аяғымен салуға машықтанған. Құдай  оған қол бермесе де талант берген екен! Оның қылқаламды башпайына қыстырып салған суреттеріне жұрт қызыға бастайды. Бірақ, мольберт алдында ұзақ отыру белін одан ары бүкірейтетін болған соң дәрігерлер оған аяғымен сурет салуға тиым салған. Қайсар мінезді Кәріпбек бұған мойымай, ендігі уақытта қылқаламды аузына тістеп алып, тісімен сурет салуды үйреніпті. Қандай қажыр, неткен төзім, не қылған өмірге, өнерге құштарлық десеңізші!

 Тырнақалды туындыларының ең елеулісі «Жарылыс» деп аталады.  1989 жылы О.Сүлейменов «Невада-Семей» қозғалысын құрғанын естіген ол Олжасқа хат жазған екен.  Сол тұста, оның Жазушылар одағындағы орынбасарларының бірі ретінде антиядролық қозғалыстың ақпараттық жұмысына белсене араласып, үйлестіру кеңесінің мүшесіне айналып, гимнінің сөзін  жазып  жүрген күндерімнің бірінде Кәріпбекпен таныстым. Олжас оны өзі ұйымдастырған «Алматы –Хиросима» телекөпіріне қатысуға шақырған болатын. Дүниені дүр сілкіндірген бұл әйгілі телекөпірден Кәріпбектің албырт жүзін көріп, жан тебірентерлік сөзін естіп, тамаша туындыларымен танысқан жапон елі оны да Олжаспен бірге халықаралық форумға қатысуға шақырды. Токио, Хиросима, Нагасакиде оның картиналарының көрмесі болды. Жапония сапары оның атын кеңістікке шығарып, өнерін әлемге танытты. Бұдан кейін оның тісімен салған картиналары дүниежүзін шарлады.  Көрмелері Америка,Германия,Түркияда, Қытайда және Қазақстан қалаларында да ұйымдастылып, айрықша табыспен өткізілді. Таңдаулы туындылары осы елдердегі жеке және мемлекеттік коллекцияларға алынды. Сөйтіп, тағдыр тақсіретін тартқан қолсыз суретші антиядролық қозғалыстың бетжүздігіне әрі қажымас қайраткеріне айналды.  Сол кезеңде аждаһа полигонды жаптыру үшін Алматы мен Семейде өткізілген қаншама шараларға бірге қатысып, үзеңгілес жүрдік. «Мен өмірге тістей қатып жабысқан адаммын» дейтін ол. Оның тісімен салған суреттерін біздер қос қолдап сала алмаймыз. Нағыз азулы,  нағыз қайыспас қайраткер,  қаһарман суретші!