Клара Қабдолова – Бауыржан Бегалиев атындағы жалпы орта  мектебінің  жоғары санатты тарих-қоғамтану пәнінің мұғалімі

Клара Жексенбайқызы – өзінің  шығар биігін, жетер жетістігін, алар асуын шығармашылығы, рухани ізденісі арқылы ғасыр көшіне жалғастыруды мақсат тұтқан білікті де тәжірибелі ұстаздың бірі.  Өйткені ХХІ ғасыр білікті де білімді  ұрпақ қолында  болатындығының  даусыз екендігін сезінген ұстаз заманауи талап үрдісінен шығуды басты парызы санайды. Әркім өзінің шығар тауының биік болғанын қалайтыны белгілі ғой. Тарих  пәні бірлестігінің жетекшісі ретінде жас ұстаздардың жаңашыл ізденісін, тың ойларын шағын тобының шоғырлы істерімен дәлелдеп,тәжірибелерін сатылап толықтыруға басшылық жасап келеді... Ұстаздың  мақсаты да алға қойған мұраты да жас ұстаздары арқылы мақтана отырып,оларды марқайту,жетілдіру, ұстаздық қасиеттерді бойларына дарыту,жетелеу және оларға көмектесу.

Ұстаздық ғасырлар мен ғасырды жалғайтын асыл да қасиетті мамандық. Ол киелі де қастерлі. Жастайынан осы мамандықты таңдаған  Клара Жексенбайқызы-жәй ғана ұстаз емес,ол әріптес ұстаздарымен бірлесе отырып білім берудің жолдарын шешетін тұлға, бағыт беруші,көмек ұйымдастырушы, ізденіске баулитын жетекші, жаңалық легін жеткізуші және жастарға үйретуші, кәсіби біліктілік пен шығармашылықтың бастамашысы. Оқушы бойындағы жылт еткен ұшқынды  қапысыз байқайтын ұстаз 40 жылға жуық өз пәніне  балаларды қызықтырып, көптеген шәкірттерінің  ұстаздықты қалауына ықпал етті. Ұстаздың алдынан дәріс алғана  шәкірттері қазіргі уақытта аудан,облыс мектептерінде ұстаздық жұмыс атқаруда. Мадирова Болдыхан,Ахметжанова Айгүл, Ғазизова Мәншүк, Хайрошева Аягөз,Бақтыгереев  Ризабек, Шияпова Ақтоты,Надирова Венера,  студент Болатова Әсемгүл болып тарихшы шәкірттер тізбектеліп көз алдынан өткенде ұстаз «Менің жұлдызды сәтім осы»  деп марқаяды,шын жүрегімен қуанады... Олар әлі де өздерін шәкірт сезініп.тарихтың тылсым құдыретін өз оқушыларына үйрету жолдарын ұстаздарымен бөліседі, кеңес күтеді,өз  жаңалықтарын ортаға салады. Ұстаз бақыты осы емес пе?

Әр күнін шәкірттерінің  жетістігіне бағыттайтын ұстаз бірнеше жылдан бері пәндік олимпиадаға оқушыларын жан- жақты дайындап, Ғаділова Бибінұр-құқықтану пәнінен облыстық олимпиаданың ІІІ-дәрежелі жүлдегері,аудандық ғылыми жобалар байқауының ІІ-орын иегері, Шапхатова Дана сынды шәкірттерін жүлдегерлер сапында көрсетіп келеді. Оқушының ізденімпаздық қабілетін жеке жұмыспен шебер байланыстыра білетін ұстаз бірнеше жылдан ғылыми жобаларда оқушыларының тың тақырыптарды  қорғауларына жетекшілік жасап келеді. Құқықтану секциясы бойынша «Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Жеті Жарғы»: ұқсастықтары мен айырмашылықтары», «Жергілікті жердегі тұңғыш заңгер Шафхат Бекмұқанбетұлы», «Жақып Ақбаев-тұңғыш заң магистрі», «Дара тұлға, дана тұлға - Нәзипа Құлжанова» тақырыбындағы оқушыларының  ғылыми-зерттеу жұмыстары аудандық,облыстық байқауларда тыңдалып, ІІ-ІІІ орындарды иеленді. Өз біліктілігін арттыру мақсатын жүзеге асыруда ұстаз «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚФ «Атырау облысы бойынша  педагогикалық қызметкерлердің институты» ұйымдастырған  «Онлайн режимінде интерактивтік сабақтарды ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік негізі» және жаңа форматтағы негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған «Қазақстан тарихы» пәнінен жаңартылған мазмұндағы бағдарламасы курсынан өтіп сертификат иеленді.

Қазақ тарихының елеулі оқиғаларына арналған танымдық шараларды ұйымдастырудың шебері ретінде танылған Клара Жексенбайқызы аудан, облыс деңгейінде ұйымдастырылған  қазақ хандығының 550 жылдығына  арналған "Елдік пен ерліктің сыны" тақырыбындағы дөңгелек үстел,  «Астана әсерлері» кездесу кеші, аудан тарихшыларының семинар кеңесінде «Қазақстан тарихы пәнінен оқушыларды ҰБТ- ға дайындаудың тиімді жолдары» шеберлік сыныбы, «Балалар құқықтары туралы» жобалау сабағы, «Рухани адамгершілік тәрбиенің өзектілігі» тақырыбындағы он-лайн жүйесіндегі баяндамасы педагогикалық сайттарға жарияланып, тәжірибесін таратты.

«Адам. Қоғам. Құқық сабақтарында интерактивті тапсырмалар арқылы оқушылардың белсенділігін арттыру» тақырыбында облыстық педагогикалық оқуға қатысып, баяндамасы ІІ дәрежелі жүлдеге ие  болды.

Ұстаз өзінің атқарып келе жатқан жұмысына сай ұжымдастар арасында көшбасшы ретінде танымал, жас ұстаздардың қамқоршысы. Ата-аналар арасындағы қоғамдық көпшілік шараларды  үлкен ізденіспен ұйымдастырып, ынтымақтастықта жұмыс жасап келеді.Еңбегі үшін бірнеше рет аудандық білім беру бөлімінің, аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.