Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз

Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан – жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым – қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
Ұстаз атана білу, оны қадыр тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.  Шәкірттерінің, ата – аналардың, әріптестерінің құрметіне бөленіп жүрген сондай  ұстазымыздың бірі,  тарихшы – Клара Таупихова. 


Таупихова Клара – 1964 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында ( бұрынығы Гурьев обл., Теңіз ауданы) дүниеге келген. Калинин атындағы кеңшардағы Орлы орта мектебін 1982 жылы  аяқтады. Орлы орта мектебі аудандағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. Мектепті бітірген соң кеңшарда құрылысшы жастар бригадасында жастай еңбекке араласады. 1985 жылы Гурьев педагогикалық институтына (қазіргі Х.Досмұхамбетов атындағы АМУ) түсіп, 1990 жылы тарих , қоғам  тану  және  құқық  негіздері мамандығы бойынша аяқтайды.
Еңбек жолын 1990 жылы Сүйіндік кеңшарының Үштаған ауылына  қарасты Құрманғазы атындағы орта мектебінен бастап, кейіннен Құрманғазы  кеңшарының  орталығындағы  Д.Нұрпейісова атындағы  орта   мектепте  тарих – география  пәнінің  мұғалімі  болып  жұмыс  жасады.  
1992 жылдан бастап күні бүгінге дейін тұрақты Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы, Нұғыман Сәрсенұлы Манаев атындағы қазақ орта мектебінде 25 жыл тарих, география  және құқық негіздері пәнінен сабақ беріп келеді. Клара апай мектеп өмірінде пән мұғалімі болып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белесене араласады. Орлы селолық округының ақпарат орталығының, учаскелік сайлау комиссиясының, округтегі әйелдер қоғамының және ата – аналар комитетінің, мектептегі кәсіподақ комитеті мен  қыздар ұйымының белсенді мүшесі.  Ұзақ жылдар бойы мектептегі құқықтық кеңестің, тарих және құқықтану бірлестігінің төрайымы қызметін атқарып келеді. Аудан, округ көлеміндегі  мәдени және спорттық іс шараларды ұйымдастыруда өз үлесін қосып келеді. 
Таупихова Клара – оқу мен тәрбие жұмысында үнемі шығармашылықпен жұмыстанатын, жаңа технологияны өз шығармашылығымен ұштастыра білген, өзіңдік әдістемесі қалыптасқан, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, теориялық білімі терең, жоғары санатты мұғалім. Тарих және құқық негіздері пәндерін оқытудың жаңашыл әдіс тәсілдерін жүйелі қолдана отырып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруда және оқушыларды шығармашылыққа баулуда, сондай – ақ өз шығармашылық жұмыстарының нәтиежесімен көптеген жетістіктерге қол жеткізе алған жаңашыл ұстаз. Мұғалімнің бірнеше сабақтары мен шығармашылық жұмыстары республикалық ғылыми – әдістемелік және педагогикалық басылым: «Қазақстан тарихы» әдістемелік журналында, Атырау ұстазы газетінде жарық көрді. 
Ұзақ жылғы ізденіске толы еңбек жолында бірнеше жыл қатарынан облыстық, аудандық педагогикалық оқулардың жеңімпазы.  2012 жылы аудандық тарих және құқық пәні мұғалімдерінің панорамалық  және «Үздік сабақтар» сайысынан, 2013 жылы  «Үздік педагог» байқауынан «Бас жүлде» иеленді. 2012 жылы Республикалық «Дарын» ғылыми – практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген Қазақстан Интернет олимпиадасында дүние жүзі және қазақстан тарихы пәнінен Атырау облысы бойынша I орын иеленді. Клара апайдың көп жылғы тәжірибесінің жемісі 2012 – 2013 оқу жылында «Оқыту мен тәрбиелеуде жаңа педагогикалық технология әдістерін пайдалану арқылы, бәсекеге қабылетті, жан – жақты дамыған, шығармашыл жеке тұлға қалыптастыру» тақырыбында жинақталып, кітапша ретінде Құрманғазы ауданы көлемінде таратылды.
Сонымен қатар Клара Таупихова күні бүгінгі заман талабына сай бәсекеге қабылетті шәкірттерді тәрбиелеуге үлкен үлес қосып келеді. Көптеген оқушылары республикалық, облыстық, аудандық сайыстардың жеңімпазы және өзінің ұстаздық жолын жалғастыруда. Атап айтар болсақ шәкірттерінің алды Әдияев Самалбек және Гүлжүзім Өтебаева бірнеше жыл қатарынан облыстық тарих пәні олимпиадасынан жүлделі II, III орын иеленді. Осы жылы Өтебаева Гүлжүзім Х.Досмұхамбетов ат. Атырау Мемлекеттік Университетінің, Тарих факультетін қызыл дипломмен аяқтады. Клара апай сынып жетекшілік еткен оқушыларының бірі Қадырбаев Ермұрат облыстық тарих пәні олимпиадасынан I орын иеленіп, 2012 жылы Қарағанды қаласында, 2013 жылы Тараз қаласында өткен республикалық тарих пәні олимпиадасынан  III орын иеленді. Сонымен қатар 2013 жылы Байқоңыр қаласында «Ғылым әлемін ашамыз» тақырыбында   өткен халықаралық IX – ғылыми жобалар байқауында космостық экология сециясындағы өзің ізденіп дайындаған «Азғыр ядролық полигон аймағындағы радиактивті әсерлерді зерттеу» тақырыбымен I орынға ие болып,  ЖОО түсуге берілетін Мемлекеттік грантты жеңіп алыпды. 
2013 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыруымен Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткізілген «Тарих Ата» атты республикалық олимпиадасына Серікова Назерке қатысып, сертификат иеленді. 2013 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» ғылыми – практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген Құқық негіздері пәнінен қашықтық олимпиадасында Болатұлы Нұржан республика бойынша II орын, күміс жүлде, Болатова Жазира III орын, қола жүлде иеленді.
Клара апайдың педагогикалық саладағы ұзақ жылғы еңбегі еленіп, көптеген наградалармен марапатталды. Атап айтар болсам, 2003 жылы Атырау облыстық білім беру басқармасының Құрмет Грамотасымен, 2011 жылы Атырау облыстық мәслихатының Құрмет Грамотасымен, 2013 жылы Құрманғазы ауданының құрылғанына 85 жыл толуына орай  ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін  Құрманғазы ауданының Құрмет Грамотасымен, 2013 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Бірнеше рет Аудандық әкімінің және  білім беру бөлімінің, округ әкімінің алғыс хатын иеленді. 
2014 жылы «Ғылым» баспасынан «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты кітапқа ҚР Білім беру жүйесінің үздік қызметкерлерінің бірі ретінде енгізілді. Кітапқа республика көлеміндегі мектеп өміріне белсене араласқан ұстаздар жайында қысқаша мәліметтермен шығарылған.
Клара апай    дың осыншама қадір – қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым – қатынас жасауында. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс – тұрысы, жинақы іс әрекеті, білімі шәкірке де, ата – анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Әрине, жарты ғасырлық ғұмырыңызда сіздің алдыңыздан қаншама шәкірттер өтті. Осы тұста Абайдың: Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға, - деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?!
Саналы ғұмырыңызды ұрпақ тәрбиесіне арнаған Сіз бұл күнде ардақты ұстаз, тәлімгер, ақылшы буын ретінде зор сый – құрметке бөленіп келесіз. Болашақта да осы еңбегіңізге табыс,  отбасыңызға амандық,  деніңізге саулық тілеймін. 


Нұржан БОЛАТҰЛЫ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
Ұлттық университетінің 4 – курс студенті