Қуаныш Есеев – 58 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер.

 

Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ақ халатты абзал жан Қуаныш Зейноллаұлының есімін Бөкей Орда ауданының халқы құрмет тұтады. Білімділігі мен біліктілігі қатар ұштасқан дәрігер қаншама адамның дертіне дәру болып, сырқатынан айықтырды. 

Қуаныш Зейноллаұлы 1941 жылы, 5 мамыр күні БҚО, Бөкей Орда ауданы, Орда ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Хан ордасында М.Горкий атындағы орта мектебін бітірген.

1957 жылы Гурьев облыстық медициналық училищесіне түсіп, 1960 жылы фельдшер мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылдық кеңесіне қарасты, Свердлов колхозында фельдшерлік-акушерлік пунктінен бастаған.  Одан кейін 1963 жылы Жәнібек ауданының, Орда участкелік ауруханасында фельдшерлік қызмет атқарып жүріп, Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Аяқтаған соң, 1969 жылы Жәнібек ауданының, Орда участкелік ауруханасында дәрігер-хирург болып жұмыс істейді. 1980 жылдан бастап Бөкей Орда ауданы, Бисен селосындағы ауруханада меңгерушілік қызметін атқарып, 2004 жылы қазан айында зейнеткерлік жасқа шықты. 1987 жылы Еңбек арадагері медалімен марапатталған. 2011 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан, «Во имя жизни. Лучшие работники здравоохранения Республики Казахстан» кітабына енген. Биыл дәрігерлік қызмет атқарғанына 58 жыл болған Қуаныш Зейноллаұлы 100 жаңа есімнің қатарынан көрінуге әбден лайық.