Қуаныш Жұмабеков – 4 тілді еркін меңгерген (қазақ, орыс, ағылшын жəне түрік) ғалым, аудармашы, докторант

Ол 1988 жылы 24 желтоқсанда бұрынғы Семей облысы, Таскескен ауылында дүниеге келген. 2000-2005 жж. Е.Рахмадиев атындағы 5 жылдық Үржар балалар музыка мектебін «домбыра-тенор» мамандығы бойынша бітірсе, 2006 жылы ШҚО Үржар ауданы, Үржар ауылында М. Горький атындағы орта мектепті тәмамдаған.

Қуаныш Жұмабекұлы 2006 ж. ШҚО бойынша өткен облыстық “М.О.Әуезов және әлемдік мәдениет» шығармашылық сайысында 100 үміткер ішінен М.Әуезовтың 20 томын жатқа айтқаны үшін Мұхтар Әуезов атындағы Семей университетінің грантын жеңіп алған. 2006 – 2010 жж. Семей мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алған.

Ол 2010-2011 жылдары Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы UCTİ университетінде ағылшын тілін оқыған. Ал 2010-2012 жж. Қайнар университетін «шет тілі: екі шет тілі (ағылшын-түрік)» мамандығы бойынша аяқтайды.

2012-2014 жылдары Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде «шет тілі: екі шет тілі (ағылшын-түрік)» мамандығы бойынша ғылым магистрі дәрежесін алған. 2015ж. бастап Түркия Республикасы, Өмер Халисдемир университетінің докторанты.

2015 жылы Анкарадағы «Bizim Büro» баспасынан ағылшын тілінде «Let’s Learn to Speak English» атты кітабы жарық көрген. 3 бөлімнен тұратын кітаптың сенсациялық жаңалығы – ағылшын грамматикасын басқа тілдерге сүйенбей, тікелей қазақ тілінде түсіндіретін алғашқы оқу құралы және қазақ ертегілерінің ағылшын тілінде ұсынылуы. Сонымен қатар, кітапта британдық ағылшын тілінен бөлек американдық ағылшын тілінің сөздігі де берілген.

2017 жылы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Серпер» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ақын Ержан Жұмабектің «Шексіздік Шұғыласы» атты кітабын түрік тіліне аударған. Аталмыш кітап Түркия Республикасы «Medeniyetin Burçları» ұйымының қолдауы бойынша «Sonsuzluk Şûlesi» деген атпен Ыстамбұл қаласы, «Ezgi» баспасында басылып шыққан. Ақын, жазушы Құл-Керім Елеместің «Шырағым-ай» кітабын ағылшын тіліне аударған. Кітап «Өнер» баспасынан алдағы уақытта жарық көреді.