Қуанышбек Тұрсынов – «Қарасу-Нан» ЖШС бас директоры

Ақмола мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі Қуанышбек Тұрсынов 2003 жылы «Қарасу-Нан» ЖШС-ға құрылтайшы, бас директор болып қызметке тағайындалған болатын. Ол басшылыққа келген күннен бастап «Қарасу-Нанның» қадірі артып, жұмысына қан жүгірді, табысы ұлғайды. Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерімен тығыз байланыстағы «Қарасу-Нан» ЖШС-ға қарасты мердігер компаниялар да уақыт өте келе қалыптасты. Мәселен, Комсомол, Степное, Новоселовка, Жалғысқан және Ленино ауылдарында «Қарасу-Нан» ЖШС-ның «Бидай-К», «Бірлік-Өмір», «Колос-Мл», «Кемел-Қарасу» және «Обаған» сынды серіктестері пайда болды. Бұл өз кезегінде Қ.Тұрсыновтың басшылығымен жүзеге асқан оңтайлы шешім, тынымсыз еңбек және зор табыстың нәтижесі саналары сөзсіз.

Еліміздегі ең ірі агроөнеркәсіп орнына айналып отырған «Қарасу-Нан» ЖШС басшысы Қ.Тұрсынов Қарасу ауданының әлеуметтік жағдайының өркен жаюына септігін тигізіп келеді. Мәселен, әртүрлі спорттық және қайырымдылық шараларынан төбе көрсетіп тұратынын ауылдастары жақсы біледі. 2013 жылы аудандық «Қарасу» мешітіне соңғы үлгідегі «Лада» автокөлігін сыйға тартқанда мешіт жамағатының қуанғаны рас. Осындай игі істің куәгері Халық қажы Қабиұлы:

-Бұл Қуанышбектың мешітке беріп жатқан бірінші көлігі емес, бұдан бірнеше жыл бұрын да жаңа көлік сыйлаған болатын. Жалпы Алланың ризалығы үшін мешітке жасап жатқан көмегі мол. Мешітке қыстық отын, діни рәсімдерді өткізуге қажетті керек-жарақ қажет болған жағдайда әрдайым қол ұшын беріп, көмектесіп тұрады. Алла үйінің шаруашылық жағдайына мән беріп, жұмысының жандануына үлес қосып жатқан азаматқа айтар алғысымыз шексіз,-деген еді.

Сондай-ақ, Қ.Тұрсынов басқаратын «Қарасу-Нан» ЖШС Елбасы Н.Назарбаев марапаттайтын «Парыз-2009» сыйлығын «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша жеңіп алған болатын.