Күлбүбі Ешенқұлова – ұлағатты ұстаз. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей тәрбиелеген талай шәкірттері үмітін ақтады. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған білікті маман қажырлы еңбегінің арқасында ҚР Білім беру ісінің үздігі,  ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері атанды.  

Ешенқұлова Күлбүбі өзінің педагогикалық еңбек жолын 1969 жылы «Елтай» сегіз жылдық мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.  Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Мектепте пионер, комсомол ұйымының жетекшісі, бастауыш партия ұйымының хатшысы міндеттерін атқарды. 1982 жылы «Күмісбастау» бастауыш мектебінің меңгерушісі болып тағайындалды. Күлбүбі Ешенқұлқызының бастамасымен қосалқы ғимараттар салу арқылы, 1990 жылы бастауыш мектеп, негізгі орта мектепке, 1992-1993 оқу жылында жалпы орта мектепке айналды. Мектепке халық жазушысы Ш.Мұртазаның есімі берілді. Мектеп директорының басшылығымен 1994-1995 оқу жылында «Халық этнопедагогикасының тағылымдары» тақырыбында эксперименттік жұмыстар жүргізіліп, жас жеткіншектерді мектеп, ата-ана ынтымақтаса отырып тәрбиелеу қолға алынды. Ш.Мұртаза атындағы орта мектебі 2000 жылы облыстық «Үлгі мектеп» байқауында бас жүлдені, «Таңдаулы мектеп - 2001 форумында»  бірінші жүлдені жеңіп алды.  Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдыңа орай Астана қалысында өткен «Таңдаулы мектеп - 2001 форумында» «Білім ұясының лауреаты» атағын алды. 2002 жылы Ш.Мұртаза атындағы орта мектебінде «Шағын комплектілі мектепті басқару және білім беру сапасын арттырудың жаңа әдістері» тақырыбында республикалық семинар өтті. 2005 жылы мектеп көп салалы шағын кешенді мектеп-гимназияға айналды. Аталған білім ұясы 2006 жылы облыста  «Ең үздік мектеп» номинациясына ие болды. Ешенқұлова Күлбүбі  2007-2009 жылдары аудан орталығындағы Абай атындағы мектеп лицейінің директоры қызметін атқарды. Абай атындағы мектеп лицейінде 2008-2009 оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша 9 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, республикадағы үздік 100 мектептің қатарына енді. Гүлбүбі Ешенқұлқызы еңбек демалысында болса да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, аудан әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы әжелер алқасының  төрайымы қызметтерін атқаруда. Сонымен қатар К.Ешенқұлованың отбасы облыста өткен  «Мерейлі отбасы» байқауында  жүлделі ІІІ орынды иеленді. К.Ешенқұлова көп жылғы жемісті еңбегі үшін «За трудовое отличие», «Әдіскер- мұғалім», «ҚР Білім беру ісінің үздігі»,  «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі «ҚР Конституциясының 10 жылдық», «ҚР Конституциясының 20 жылдық» мерекелік медалдарымен марапатталды. 2005 жылы ауданның «Жыл адамы», Түлкібас ауданынық «Құрметті азаматы» атағын иеленді.