Күлшат Бимендина – Жаңаарқа ауданы, М.Жұмажанов ауылындағы, Жаңаарқа жалпы орта білім беретін мектебінің директоры

Еңбек жолын 1986 жылы Ынталы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. 1989 жылы отбасы жағдайына байланысты Жартас бастауыш мектебінде мектеп меңгерушісі болып 5 жыл еңбек етті. Отбасы жағдайымен 1994 жылдан 1997 жылға дейін Қызылшоқы бастауыш мектебінде қызмет етті. 1998 жылы Жаңаарқа негізгі мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып ауысты. 2006 жылы Қарағанды Мемлекеттік Университетін үздік дипломмен бітірген. Жаңаарқа негізгі мектебінде (2016 жылдан бастап Жаңаарқа жалпы орта білім беретін мектебі) 2010 жылдан бастап, мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар, өзін-өзі тану пәнінен сабақ береді.

Күлшат Жәкенқызы басқарған мектеп ұжымы ауылдық, аудандық, облыстық іс-шараларға белсене қатысып, табыстарға жетіп жүр. Мектепте 2010 жылы құрылған «Үкілі домбыра» ансамблі, 2011 жылы аудандық «Күй қайнары» байқауынан І-орын алып, облыстық байқаудан «Күй жамбозы» номинациясына ие болды. 2 мектеп оқушысы облыстық «Ханзадалар мен ханшайымдар» байқауына қатысып, ІІІ орынға ие болса, «Ақкөгершін» республикалық байқауынан «дипломант» атанды. Мектеп оқушылары аудандық пән олимпиадалары байқауынан биология пәні бойынша І орын, қазақ тілі пәні бойынша ІІ орындар иеленді. Мектеп 2010 жылы  65% білім сапасын берсе, 2011 жылы 67%, 2012 жылы 69%, 2017 жылы 73% білім сапасын көрсетті. Бұл көрсеткіштен білім сапасының жылдан-жылға көтеріліп отырғанын байқауға болады. Мектеп оқушылары спорттық сайыстарға да белсене қатысады. Облыстық шаңғышылар сайысынан оқушылары жүлделі орын иеленді. Облыстық Р.Шаеекиннің атындағы шығармалар байқауына 1 оқушы қатысып, І орынға ие болды.

Мектептің көгалдандыру жұмыстары бойынша 2010-2011 оқу жылдарында мектептің алдынан М.Жұмажанұлына арналған баққа 140 түп ағаш отырғызылып, мектеп ұжымы мен оқушылары күтімге алды. Сонымен қоса, мектептің жер теліміне көкөністер егіп, өнімін мектеп қажетіне жаратуда.Негізгі мектептер арасында оқу-тәрбие жұмыстарының рейтингісінен аудан бойынша бірінші орын алса, аудандық тамыз мәслихатындағы көрмеде І орынға ие болды.

Осындай игі істердің арқасында мектеп аудан мектептері арасында беделге ие. Мектеп  ұжымының бұндай жетістіктерге жетуіне Күлшат Жәкенқызының сіңірген еңбегі зор. Ол өзінің барлық күш-жігерін, білімін, тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсап, оқушыларға патриоттық, туған жерге жанашырлық сезімдерін дәріптеп, ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді.