Құрманбек Бәкірұлы республикамызыдың күріш шаруашылығы саласындағы белгілі ғалым және жетекші селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.


1962 жылы Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне түсіп, оны селекция және тұқым шаруашылығы мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық күріш тәжірибе стансасына аға ғылыми қызметкер болып орналасты. 1974 жылы осы стансаның негізінде Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Құрманбек Бәкірұлы осы ғылыми мекемеде сол кезден бастап күні бүгінге дейін аға ғылыми қызметкер, топ жетекшісі, бөлім меңгерушісі, ғалым-хатшы, 1995 жылдан директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ал 2005 жылы зейнеткерлік жасқа толғаннан бастап тұқым шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін үзбей атқарып келеді.
1979 жылы кандидаттық дисертация қорғаған қазақтың күріш жөніндегі ғылыми зерттеу институтында бөлім меңгерушісі болған, «Маржан» күріш сортының авторы.
Қ. Бәкірұлы ғылыми және қоғамдық жұмыстары үшін КСРО-ның БХШЖ көрмесінің (Мәскеу қаласы) қола медалінің, «КСРО өнертапқышы» және «Үздік өнертапқыш» белгілерінің иегері, БЛКЖО-ның, Қазақстан Республикасы ҰАЗО-ның, Ауыл шаруашылығы Министрлігінің, Қызылорда облыстық Халық депутаттары кеңесінің, Қызылорда облысы әкімі мен Маслихатының және КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол республикада алғашқылардың бірі болып (1997 ж.) Мемлекеттік ғылыми стипендияның, Қызылорда облысы әкімінің 2006 және 2008 жылдарғы стипендиясының иегері болды және Маржан сортын шығарып өндіріске енгізгені үшін бір топ әріптестерімен бірге екі мәрте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. 2004 жылы ол Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, 2011 жылы  Қызылорда облысы, Шиелі ауданының дамуына елеулі үлес қосқан үшін «Ы.Жақаев-120 жыл» медалімен, 2012 жылы облыс акімінің «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына – 80 жыл» Алғыс хатымен және 2014 жылы «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына 80 жыл» медалімен марапатталды. 
2015 жылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы ғылымдар академиясы корреспондент-мүшесі болып сайланды.
Қ. Бәкірұлы өзінің білімділігі, адалдығы, табандылығы, адамгершілігі және өте кішіпейілдігі арқасында институт ұжымы, облыс жұртшылығы мен республикадағы әріптестері арасында үлкен абыройға ие. Ол үлгілі отбасының басшысы, үш бала өсіріп, алты немере тәрбиелеп отыр.