Мақұлбек Рысдәулет – ұзақ жылдар облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі ретінде сыбайлас  жемқорлыққа қарсы  күрес  туралы заңдарды жақсы меңгерді, әділеттің салтанат құруына  қажыр-қайратын, білімін жұмсады.

Облыстық онамастика комиссиясының мүшесі ретінде облыста жер-су атауларын ретке келтіру саласында өте көп еңбек етуде. Оның мақалалары республикалық «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», тағы да басқа басылымдарға жиі шығады. Облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында толғандырар мәселер және тарихи тақырыптар туралы үнемі ойын ашық айтып тұрады.

Соның нәтижесінде Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатында еңбек еткен бес жылда тарихи құжаттарды сараптауда және жарыққа шығаруда  көп жұмыс атқарды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында «Тәуелсіздік-Туымыз!» кітабында  Жамбыл облысының тәуелсіздік жылдарындағы шежіресін жазды. Сонымен бірге «Мәңгілік ерлік» атты энциклопедиялық еңбегінің мәні де, маңызы да зор. Ал облыстың  құрылғанына 75 жыл толуына орай М.Рысдәулет  «Жамбыл облысы-75. Жылнама-шежіре» атты тарихи-танымдық кітап жазды. Бұл өлке тарихына қызығатындар үшін таптырмас  еңбек. Мұнда облыс құрылған күннен бастап, бүгінгі сәтке дейін тәптіштеп жазылған. Әсіресе тәуелсіздік жылдарының шежіресі өте тартымды. Әр жылдың шежіресін жазуды дәстүрге айналдырған. Жылдар шежіресінде  Жамбыл облысына Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың  әр сапары жазылған.     

Сондай-ақ өлке тарихын зерделеуде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жамбыл өңірінің толық картинасын сипаттайтын «Ерлік ұмытылмайды», «Майдан хаттары», «Жамбыл Батырлары» атты кітаптары болса, сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбандары болған жамбылдық азаматтар туралы «Жазықсыз жазаланғандар» және Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының Тараз өңірінде өткенін баяндайтын «Қазақ хандығы – елдіктің бастауы», «Жасампаз 25 жыл» атты кітабының құны бөлек.