Марал Тұрғымбаев – Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция қызметкері. Шені – полиция старшинасы.

Биылғы жылдың 27 ақпанында сағат 22.00-де Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полиция қызметкерлері полиция старшинасы Марал Тұрғымбаев пен полиция сержанты Ерболат Рысбеков  қызметін атқару кезінде өнеркәсіптік аймақ ауданында жасалған ұрлық жайлы хабарлама алды. Қаскүнемдерді анықтауға бағытталған шара барысында сол аумақтағы құрылыс вагонында болған адамдардың құжаттарын тексеру кезінде ер адамның бірі екі полицейге тапаншадан оқ атты. Оқиға күтпеген жерден жабық кеңістікте, жарығы әлсіз жерде орын алды. Оқиға болған мекен-жайға жедел жеткен полиция қызметкерлері Қарағанды облысының 43 жастағы тұрғынын ұстады. Қаскүнемнің бұрын бірнеше рет сотты болғаны, оның ішінде кісі өлтіргені туралы анықталды. Бірнеше жерден жараланған полицейлер ауруханаға жатқызылды. М. Тұрғымбаевқа төрт жерден, Е. Рыспековке екі жерден оқ тиген еді.

Қызмет атқару кезінде оқ тиіп жараланған елордалық екі полицей Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҚР Президентінің ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.