Умиралиев Медғат Куандықұлы 1981 жылы 10 қыркүйекте Алматы облысында дүниеге келген. 1999 жылы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясына түсіп, 2003 жылы «Кино және театр әртісі» мамандығын бітіріп шықты.

2003 жылдан бері Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық Музыкалық драма театрының жетекші, әрі шебер әртісі. Ол 35-тен  аса рөлдерді сомдайды, оның басым бөлігі басты рөлдер.  

Бұл күнге дейін, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» трагедиясында Жантық, «Қыз Жібек» трагедиясында Базарбай, У.Шекспир «Ромео мен Джульетта» трагедиясында - Джованни Пірәдар, Ф. Эрве «Мадемуазель Нитуш» мюзиклінде - полковник, Ж. Б. Мольер «Тартюф»  - Оргон, А.П.Чехов «Скандальные истории» - Иван Васильевич Ломов. Б. Беделханұлы «Махамбет» драмасында - Жәңгір хан, А.Вампилов «Старший сын» - Сарафанов, Алдар Көсе  - Шораяқ, Т. Әліпбаев «Томирис» драмасында – Шаншар, С.Ахмад  «Келіндер көтерілісі» комедиясында - полковник, Птушкина  «Пока она умирала» - Игорь,  Ә. Оразымбетов «Бір түп алма ағашы» драмасында - Ерғали,  А. Володин «Қос жебе» - Ру басы, Л. Разумовская «Сад без земли» -  C.Балғабаев С.Назарбекұлы, Н. Мұханов «Ант» - Қожаназар, Г.Хугай «Қара шекпен» шығармасының желісімен қойылған «Ақырзаман» драмасында – Тұзар, Н.Сауданбекұлының «Алиханның аманаты»  - Алихан  және тағы көптеген  басты рөлдерді сомдады.

Медғат әр рөліне жауапкершілікпен қарайды. Кең диапазонды, қоңыр дауысты актер рольдерін драмалық жанрда көрсетуге тырысады. Тарихи қойылымдардағы хан, төре, би образдарының өзегін тауып, сөз астарын аша біледі. Ішкі және сыртқы органикасы үйлесім тауып, рольдері жоғары деңгейде тұрады. Атап айтар болсақ, Ә.Кекілбаевтың «Махаббат мұнарасы» лирикалық драмасындағы Әмір Темірдің ішкі «мен», жан-дүниесі есебінде көрсетілетін Кеңесші ролінде қатігездік пен зұлымдықтың психологиялық астарын аша білді. Актер үшін рольдері жағымды, жағымсыз болып бөлінбейді. Кейіпкерінің жан-дүниесін беруге ұмтылады.    

Медғат Умиралиев Г. Мерғалиеваның «Перзентхана» драмасы желісі бойынша түсірілген «Кәусар» фильмінде басты роль Нұрлан Амангелдиевич  және  «Күләш» фильмінде басты роль Қаныбек  Байсейтов  бейнесін сомдады.  

Меғдат Умиралиевтің жетістіктері:
2007 жылы  «Жыл әртісі»  номинациясымен марапатталды.                          
2011 жылы облыс әкімінің  «Облыс мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі  үшін» алғыс хатпен марапатталды;
2011 жылы облыс әкімінің  «Каспий - достық» мерекесін    ұйымдастыруға зор үлес  қосқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
2013 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
2014 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
2015 жылы  Мәдениет басқармасының Алғыс хаты.
2016 жылы «Жыл актері» номинациясының «ЕҢЛІКГҮЛ – 2016» театр өнерінің кәсіби сыйлығының лауреаты.