Айшуаков Мерлан Адилович - 1987 жылдың 20-сыншы қыркүйегінде БҚО Шыңғырлау ауданы Лубен совхозы Отрадный селосында дүниеге келді. Бауырларынан әпкесі - Райса, қарындасы - Гүлжанар бар. Әкесі - Әділ, ауыл шаруашылығының жұмыскері, анасы - Гүлсім, үй қызметіндегі адам. Мерлан 15-ке келген кезде әкесі - Әділ дүниеден озды. Атқа қамшы басып, сары құмда ойнап жүрген бозбаланың қилы өмірі осы кезден басталып еді. Сол уақыттан бері үйдің тізгінін қолына алған болатын. Әкенің тәлімін енді-енді ұғынатын шақта, өзінің бірлі-көпті ақылымен әкенің орнын жоқтатпай ауылдағы тұрмыс тіршіліктерін ел қатарлы сүріп жатты. 

2003 жылдың жазында қалған отбасымен БҚО Тасқала ауданына қоныс аударып, 11 сыныпты ауданның «Сәулет» мектеп-гимназиясына түсіп, 2004 жылдың алғашқы түлектерінің бірі болды. Мектеп қабырғасында жүріп өзінің білімділігімен, өнерімен көзге түсіп мектепішілік «Жас қанат» фестиваліне «Сәулет» мектеп-гимназиясының гимнін шығарып, өз даусымен айтып бас жүлдені жеңіп алды. Тарихта сол гимназияның гимнін жазуға өз үлесін қосқан адамдардың бірі болып сақталды. 
2004 жылы Орал қаласының Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің математика-информатика факультетіне грантқа оқуға түсіп, осы оқу орнын ойдағыдай оқып 2007 жылы негізгі мектептің математика-информатика пәндерінің біліктілік маманын (диплом) алды. Колледждің қабырғасында да өзінің алғырлығымен, жауаптылығымен қоғамдық іс-шараларына белсене араласып, колледж директоры Шалқыма Құрманалинадан алғыс хат алды. 
2007 жылдың тамыз айынан бастап ол мамандығы бойынша алғашқы жұмыс табалдырығын Тасқала ауданының Родник негізгі мектебінен бастады. Родник ауылында талай қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырды. Мерлан Әділұлы мектептегі оқушыларын жан-жақты білім нәрімен сусындатып, саналы ұрпаққа сапалы тәрбие беру басты мақсат деп есептейді.  Оның оқушылары аудандық, облыстық жарыстардан жүлделі орындар алып, мектептің мәртебесін көтеріп жүрген ұстаздардың бірі саналып,  ұстаздық қызметін жақсы атқарғаны үшін мектеп директоры Мұрат Гиметдинов, аудандық білім бөлімінің басшысы Күләш Мәселқызы білім беру жүйесінде табысты еңбегі үшін алғыс хаттармен марапаттады.
Қазіргі таңда жетістіктерінің жемісін көріп, Тасқала аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің информатика пәнінің әдіскері қызметін атқаруда. Отбасылы, бір қызы бар.