Мұрат Жәлелұлы Майкеев 1959 жылы 9 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1994 жылы М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдаған. Қызметін мотоатқыштар полкі мотоатқыштар взводының командирі болып бастаған. 1983 жылдан - мотоатқыштар ротасының командирі. 1987-1991 жылдары - мотоатқыштар батальоны штабының бастығы - командирдің орынбасары, командирі. 1994 жылдан - ҚР Республикалық гвардиясының батальон командирі, бригада командирінің орынбасары, полк командирі. 1998 жылдан - мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары, командирі. 2000 жылдан - ҚР ҚМ Тәрбиелік және әлеуметтік-құқық жұмыс департаментінің бастығы. 2003 жылдан - Аэромобиль әскерлерінің қолбасшысы. 2009 жылдан ҚМ Штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары 2010 жылдан бері - Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы.

Адал, бастамашыл, білікті генерал. Ұйымдастырушылық қабілеті және кәсіби білімі өте жоғары, әртүрлі лауазымдардағы әскери қызметтен практикалық тәжірибесі мол. Қызмет өткеру кезінде өзін әскери міндетті орындаудың үлгісі ретінде көрсетті. Танымдық ойлау қабілеті кең, ішкі жан дүниесі бай.

Жедел-тактикалық даярлықты жақсы меңгерген. Түрлі жағдайларда әскерлерді қатаң басқаруға дағдыланған. Күрделі жағдайларда және кенеттен туындаған тапсырмаларды шешу кезінде оң шешім қабылдай алады.

Қазіргі заманғы жағдайларға тез бейімделеді, оның өзгергеніне уақтылы ден қояды. Қойылған міндеттерді негізді, жылдам, егжей-тегжейлі пысықтап, озық сапамен орындайды.

Әскерлерді жоғары жауынгерлік әзірлікте ұстау, әскери тәртіпті, құқық тәртібін нығайту және бағынысындағылардың бойында алда тұрған міндеттерді сапалы орындау үшін жоғары жауапкершілік сезімін тәрбиелеу бойынша іс-шаралар кешенін епті басқара алды. Барлық ірі масштабтағы, оның ішінде халықаралық оқу-жаттығулардың өткізілуі мен даярлығына басшылық жасады.

Жұмыс барысында негізгі күшті әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі міндеттерін орындауға, жауынгерлік даярлық және жедел жоспарларды сапалы және толық орындауға бағыттайды.

III дәрежелі «Отанға қызметі үшін», II дәрежелі «Айбын» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Генерал-майор.