Мұрат Сыдықов 1940 жылы 1 тамызда Арал ауданы, Бөген елді-мекенінде дүниеге келген.

1982 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Республикаға белгілі күйші-композитор, ақын-жырау шығармашылық еңбек жолын 1958 жылы аудандық Мәдениет Үйі халық ұлт аспаптары оркестрінің бас домбырашысы, кейін көркемдік жетекшісі болудан бастады. Жан-жақты талант иесі аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, «Балықшылар» клубының меңгерушісі, аудандық Мәдениет Үйінің көркемдік жетекшісі, директоры қызметтерін атқарып, аудан, облыс, республика өнері мен мәдениетін дамытуға зор үлес қосты. 1967 жылы домбыра оркестрінің Қазанғап атындағы Халық ұлт-аспаптары оркестрі», 1972 жылы әуесқой театры «Халық театры» атақтарын алып, профессионалдық дәрежеге жетуіне үлкен еңбек сіңірді. 1974 жылы Москвадағы Халық шаруашылығы көрмесіне қатысып Бүкілодақтық радиодан өзінің «Ана туралы» күйін орындап, «Сыр гүлі» әнін белгілі әнші  Зарауха Әлімбетова орындап, оркестр күміс медальмен марапатталды.

Өзінің 1980 жылы құрған Сыдықовтар жанұялық ансамблі 1985 жылы КСРО Композиторлар Одағының Дипломымен марапатталды. 1987 жылы жанұялық  ансамбльдердің республикалық конкурсына қатысып, 1-ші орынды иеленіп, республикалық, 2-бүкілодақтық өнер фестивальдерінің лауреаты болды. 1988 жылы Москвада өткен 1-Халықаралық фольклорлық фестивалге қатысып лауреат атанып, Қазақ Телевидениесінің шақыруымен «Алтын қорға» жазылды.  1989 жылы Қаз ССР Мәдениет жөніндегі Мемлекеттік Комитеті коллегиясының қаулысымен Сыдықовтар жанұялық ансамбліне «Халық ансамблі» құрметті атағы берілді. М.Сыдықовтың 1960 жылдан бері жазған 100- ден астам әндері мен күйлері, өлең-термелері 1968 жылы «Шалқар теңіз сыр шертеді», 1985 жылы «Күй толқыны», 1995 жылы «Арал толқындары», 2000 жылы «Сыр саздары», «Жүректегі жауһарлар» атты жинақтар болып шықты. Атақты өнер қайраткерлері: Е.Рахмадиев, К.Күмісбеков, Ғ.Жұбанова, М.Маңғытаев, Р.Бағланова, Ш.Жиенқұлова, А.Тоқпанов, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, Ш.Мұртаза, С.Әшімбаев оның жан-жақты таланты мен туындыларына ден қойып жоғары бағалаған. Алматы дыбыс жазу студиясының жазуымен 1977, 1985, 1987 жылдары Ташкент зауытынан күйтабақтар болып шығып таралды. 1990  жылы Алматыда «Арал шақырады», 1994 жылы Қызылордада «Домбырам қане жырлашы» атты екі үлкен шығармашылық концерт – кеші өтті.

Онда өнер шеберлері Р.Бағланова, М.Ералиева, Н.Нүсіпжановтар, Қазанғап оркестрі автордың шығармаларын орындап, республика жұртшылығы қол соғып, телевидениенің «Алтын қорына» жазылды. М.Сыдықовтың және ансамблінің өнерлерін Франция, Англия, Дания, Португалия, Испания, Швейцария  елдерінің  кинорежиссерлары телефильмдерге түсіріп, бүкіл әлемге паш етті. 2004 жылдың шілде айында Женева қаласының «Маурицио Джулиани» киностудиясының тобы келіп, М.Сыдықовтың шығармашылық еңбектері жөнінде «Теңіз және жыршы» атты телефильм түсірді. М.Сыдықов 1987 жылы өзінің еңбегімен тапқан 1000 сомды, 1990 жылы 2500 сомды 1991 жылы 3000 сомды «Аралды құтқару», «Бейбітшілік» қорларына аударған, үлгілі патриот азамат.

 2005 жылы 27 сәуірде Елбасы Н.Назарбаевтың Арал-Сыр өңіріне келу сапарына арнап орындалған «Бастай ер алға, Нұр-аға», «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» атты жыр-толғауы мен күйі тыңдаушы халықты бірлікке шақырып, үлкен ризашылыққа бөледі. 2006 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласында өткен Академик - композитор Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерекесіне арналған қазақтың халық аспаптары оркестрлерінің республикалық байқауында Аралдың, Қазанғап халық оркестрімен бірге М.Сыдықовтың қатысуымен оның Батыр баба күйімен, Балықшы қыз әні орындалып, 3 орынды иеленіп, лауреат атанды. М.Сыдықов Сыр өңірінің арқалы ақын-жыраулары: Бітімбай, Жаңаберген, Жаппарберді, Кәрібоз, Бижан, Дәулет, Дәріқұл, Үмбетәлі, Сары жыраулардың ән-махамдарын зерттеп жинап, «Жыраулар шашуы» атты жинақ шығаруда. Қазір «Қазақстан-ғажапстан» атты поэмалық күй дастан жазу үстінде. «Сыдықовтар» жанұялық  ансамблінің көркемдік  жетекшісі, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері.