Жамбыл облысы Байзақ ауданы өңірдің экономикасын алға сүйреген егістік алқаптарымен, тауар өндіру кәсіпорындарымен және кәсіпкерлік көкжиегін кеңейткен нысандарымен аты шыққан өлке. Әсіресе, ауыл шаруашылығын мықтап меңгерген диқандары жыл сайын дала төсінен нәпақасын айырып әрі ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Осынау жері шұрайлы, халқы шырайлы мекенде 20 жыл бойына «Ағали» шаруа қожалығы жұмыс істеуде. 
Аудандағы ет өңдеу, шұжық шығару ісінің үздігі атанған «Ағали» шаруа қожалығының тасын өрге домалатып отырған Нәби Ағалиевтің бұдан бөлек сүт өңдеу цехы да бар.  Жергілікті шаруалардан сүт алып, оны өңдеп, айраннан бастап, қаймақ, сүзбе мен өзге де сүт өнімдерін шығарумен айналысатын цех Қостөбе ауылдық округіне қарасты Талас ауылында орын тепкен. Өз қаражатынан 30 миллион және банктен дәл осы сомада несие алып, жаңа өндіріспен айналысуға ниет етіп отырған Нәби Амуршаұлы ауданды ғана емес, облысты да сапалы сүт тауарларымен қамтуда. 
Цехтағы қондырғылар ресейлік «СельхозЛидер» компаниясынан алынған. Күніне 10 тоннаға дейін сүтті өңдеуге қауқары жететін кәсіпорын тұрақты сүтпен қамтамасыз етілгенше тәулігіне 2 мың тонна шикізатты өңдеп, өнім шығарады.  Айта кетейік, аталмыш шаруа қожалығы бұдан бөлек егін егіп, алма мен дәнді дақылдар өсіру, мал азығын дайындап, ет өңдеумен де айналысады. Қарамағында 500 гектар жері бар Нәби Ағалиев 400 бас ірі қара асырап, 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. 
Айта кетер жайт, бұл Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60-шы қадамында «Сүт пен сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту» мақсатын орындаудағы жасалған істер реті болып отыр.