Нағашыбай Барлыбаев – «Арқалық» шаруа қожалығының басшысы

Ресейдің Омбы облысында дүниеге келген Нағашыбай Сапарұлы солтүстіктегі нәсібін тауып отырған қымызханасымен көпшілікке белгілі. Ол республикалық, аймақтық, тіпті, халыақаралық байқаулар мен көрме-жәрмеңкелерге жиі қатысады. Өзінің сөзімен айтқанда, бала кезінен қымызбен «ауыратын» оның шаруа қожалығынан тасымалданатын әйгілі өнімдерін бір кездері Омбыдағы ауылдасы Юрий Кривошеев Ресейге тасыған болатын.

Н.Барлыбаев үшін 2008 жыл өте табысты жыл болды. Кәсібінің дөңгеленіп қана қоймай, өнімдерінің жалпақ жұртқа кеңінен таныла бастаған осы жылы «Эрнст энд Янг» халықаралық компаниясының ұйымдастырған байқауында «Ең үздік кәсіпкер» атағын иеленсе, оның қымыздары «Үздік ұлттық тағам» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, ол «Алтын сапа» байқауында «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша жүлделі ІІ орын алса, Алматыда өткен 10-шы қазақстандық халықаралық жәрмеңкеде «Тентек» және «Қызыл-Ой» қымыз өнімдері үшін қос алтын медальді еншіледі. Ал, 2010 жылы «KazFOOD-2010» көрмесінде белсенділік танытқаны үшін алтын медальді қанжығаға байласа, Елбасының өзі тағайындайтын «Парыз-2010» сайысында «Үздік әлеуметтік-жауапкершілік кәсіпорын» номинациясы бойынша Гран-Приді жеңіп алды.