Менің аты-жөнім Назым Мәлікқызы! 

Журналистика саласын тізгіндеп жүрген мамандардың бірімін.Тәуелсіздік әрине бізге дейін, ата-бабамыз, аға-буын өкілдерінің күшімен, табандылығымен келді. Біз тек осы бейбіт елдің куәгерлері, болашағамыз. Дұрыс бағытта даму, дұрыс ой мен пікір қалыптастыру журналистердің мойнына артылған жүктің бірі.Оны денде түсініп, жауапкершілікті сезінетін әріптестер аз емес. Бір терінің пұшпағын иелегендіктен тілші үшін шынайы ақпарат, әлеуметтік мәселе, саяси көзқарас, биліктегі өзгерісті халыққа жеткізіп, жұрттың мұң мұқтажын шешуге қол ұшын беру менің міндетім деп білемін.

Журналистика саласында жүргеніме 10  жылдан астам уақыт өтіпті. Осы тұста жоғары оқу орындары мен телевидениеге алғаш қадам жасаған кездегі ұстаздарды айта кеткен жөн. Қасиетті мұғалімдікке өмірін арнаған аға-апайларымыз тынымсыз кезең-кезеңімен журналистер легін тәрбиелеп келеді.Ол тізімде, Намазалы Омашев, Бауыржан Жақып, Қайрат Сақ, Аязби Ақбергенұлы, Клара Қабылғазина сынды көш алдындағы журналистиканың майталмандарынан тәлім алғаныма разымын.Ал телевидение де, алғаш есікті ашқан сәтімде күлімдеп қарсы алған ұстазым Серік Әбікенұлын ешқашан ұмытпаймын. Қаламы қарымды, ойы ұшқыр журналистикадағы теңдессіз ерекше тұлғаның бірі. 

Алғашқы кезде Алматы телеарнасында  "Жылы лебіз" құттықтау бағдарламасының тұсауын кескен осы азамат еді. Кейіннен ұлттық ойындарды дәріптейтін  "Жорға" бағдарламасы ашылды. Публицистикалық-танымдық  "Тағдыр мен тұлға " бағдарламасы жарық көрді. Бұл кезеңдер ешқашан ойдан кетпейді. Біз ұжыммен біріге, өз кезеңінде елеулі қызмет атқарып, болмаса кез-келген салада   еңбегі сіңген, бүгіндері ұмыт қалған қазақтың ірі тұлғаларын жұрттшылыққа қайта таныстырдық. Олардың жай күйінен хабардар еттік. "Алматы" телеарнасы сол кездің өзінде жергілікті Алматы қаласының арнасы болса да , осы бағдарламамен Республиканы дүр сілкіндірді. Аймақтың әр өңірінен халық хабарласып, жаңалық ашқандай болып жатты.

Қорыта келгенде айтарым,  халықтың болашағы үшін қандай көмегін, қандай еңбек еттің десе, "журналист" екенімді мақтан тұтар едім. Себебі, 10 жыл аралығында жұртпен үздіксіз жұмыс атқарып келемін. Түрлі тағдырмен жүздесіп,  қиын сәттерді бірге өткеріп келемін.Барынша билік пен халық арасындағы байланыс жібін үзбеуге тер төгудеміз. Қазағым мұңайса мұңайам,  қуанса менде кең қанат жаям! Алдағы уақытта әлі де болса, қазақ үшін қызмет етемін деген ойдамын. Бүгіндері Сардар есімді қазақтың қара домалағының анасымын.