Нұрбас Иса – мал шаруашылығының білгір маманы

Өзi сал, өзi серi, спорттың сан-саласынан талай жеңiске жеткен «Достық» ауылының бiртума азаматы Иса Нұрбас Балқашұлын «100 жаңа есім» жобасынан көргіміз келеді.

Нұрбас Иса 1951 жылы 27 желтоқсанда Арыс ауданы, Шағыр стансасында Ұлы Отан соғысының ардагерi Балқаш Исаұлының отбасында дүние есiгiн ашқан. Әкесi Балқаш жасынан ән-күйге әуес өнерпаз, кейiн «Балқаш мерген» атанып кеткен кiсi. Анасы Үрпия ұзақ уақыт темiр жол стансасында қызмет атқарып зейнеткерлiкке шыққан еңбек ардагерi. Жасы тоқсанға келсе де той-жиында «әу дейтiн!» әншiлiгiн жанына серiк етiп келедi. Нұрбас жасында ауылдың май топырағын тiзеден кешiп, тал-шыбықты ат қылып мiнiп, шаңын бұрқыратқан қазақтың қарадомалақ баласының бiрi болып өстi. Ол кезде радиоқабылдағыш, теледидар атымен жоқ. Ауылдың үлкен-кiшiсi бас қосқан той-думанда қыз-келiншек топтанып отырып, ән шырқап, көңiл қошын көтеретiн сағым жылдар едi ғой. Сол заманда аузын жүгерi талқанға толтырған, қалыңдығы 3-5 елi келетiн қара таба нан жеген қара бала Нұрбас бүгiн пайғамбар жасы 63-ке толды дегенге сенерiңдi де сенбесiңдi де бiлмей таң боласың.Ленин ауданы «Монтайтас» ауылы В.Маяковский атындағы орта мектептiң табалдырығын аттаған елгезек қара бала өнерге құштар, спортқа икемдi болып өстi. Әсiресе, ән-күй сабағынан дәрiс беретiн ұстазы Жақсылық Түймебаев ағайдың көркем-өнерпаздар үйiрмесiне жазылып, домбыра тартуды үйренген Нұрбас 1963 жылы шопандар тойында Құрманғазының «Балбырауын» күйiн тартып, жұртты таң қалдырғанда 5-сыныптың шынашақтай қара баласы болатын. Спорттың жеңiл және ауыр атлетика секциясына қатысып, жастайынан «боксер бала» атанып кеттi. Орта мектептi ойдағыдай бiтiрiп, Жданов қой совхозына тракторист-механизатор болып, алғашқы еңбек жолын бастады. Келер жылы, яғни 1969 жылы Семейдiң зоотехникалық мал дәрiгерлiк институтына оқуға түстi. 

Нұрбас институт қабырғасында да құдай берген өнерпаздығы мен шебер спортшылығы арқасында сый-құрметтен кенде болған жоқ. Институттың көркем-өнерпаздар үйiрмесiнiң белсендi әншi, күйшiсi және спорт секциясының мықты боксшысы, аяқдопшысы, шахмат, дойбының шеберi, жеңiмпазы атағын қолдан берген жоқ. 1975 жылы институтты ойдағыдай тәмамдап, ветеринария мамандығын алып шыққаннан кейiн Жетiсай, Киров, Шардара аудандарына қарасты Ленин, «Победа», «Қызылқұм» совхоздарына аға, кейiн бас мал дәрiгерi болып қызмет атқарды. 1985 жылдан бастап «Достық» кеңшарында ММО меңгерушiсi болып жұмыс iстеп жүрiп товарлы-сүт фермасының меңгерушiлiгiне ауыстырылды. 1996 жылы «Қызылқұм» ауылындағы «Мұрагер» өндiрiстiк кооперативiнiң төрағалығына сайланды. 2006 жылы аудандық-аумақтық инспекциясында ветеринария бөлiмiнде бас маман, ветеринариялық инспектор болып қызмет атқарды. Осы қызметте жүрiп, аудандық-аумақтық инспекция-сының «Алғыс хатымен» марапатталды. Аудан әкiмiнiң де «Алғыс хатын» алды. «Достық» ауыл округi әкiмшiлiгiне бас маман болып ауыстырылды. 

Аудан әкiмiнiң 2012 жылғы «Алтын күздiң» қорытындысы бойынша «Озат мал дәрiгерi» сертификатына ие болды. 2013 жылы Халық қаһарманы, генерал-лейтенант, Парламент депутаты Б.Ертаевтың қолынан «Батыр шапағаты» медалiн алды. Сонымен қатар ҚР Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсiподағы федерациясының «Еңбек даңқы» төсбелгiсiмен марапатталды.Мал шаруашылығының бiлгiр маманы Нұрбас Иса 1986-96 жылдары «Достық» МТФ-ның меңгерушiсi қызметiн атқарған кезде ферманы айналдыра 120 түп терек және 1200 түп тал көшетiн отырғызды. Араға 2-3 жыл салып, ферма айналасы жасыл аймаққа айналды. Бұл өте заманауи үлгiмен көрiктендiрiлiп, көркейтiлген мал фермасына Қазақстан ауыл шаруашылық министрi С.Кулагин, облыс әкiмi М.Үркiмбаев және аудан әкiмi Ө.Тiлегенов арнайы келiп, көрiп кететiн болған. 

Н.Иса үлкен отбасының үлгiлi отағасы, зайыбы орыс тiлiнiң тәжiрибелi маманы, Несiбелi екеуi 4 ұл өсiрiп, олардың жоғары бiлiм алуына жағдай жасап, ел қатарына қосты. Ауданның батысындағы елдi мекендердiң той-жиыны сегiз қырлы бiр сырлы өнерпаз әрi асаба Нұрбас серiнiң басшылығынсыз өтпейдi деуге болады. Халықтың ұлттық аспаптары: домбыра, баян, аккордеон, мондалин тартып ән салғанда ауылда алдына жан салмайтын өнерпаз. Ал спортқа келетiн болсақ, бокс, футбол, волейбол тағы басқа түрлерiнен разрядтары бар және бильярд ойнаудың хас шеберi. Спорттық жарыстарға қатысып алған марапаттары бiр басына жетiп артылады.