Аппазов Нұрбол Орынбасарұлы 1982  жылдың 28 ақпанында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде дүниеге келген.

1998 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі №121 орта мектебін бітіргеннен кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Жаратылыстану факультетіне Химия мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2002 жылы үздік дипломмен бітірген. 2002-2003 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың магистратурасында Химиялық технология мамандығы бойынша оқып, үздік дипломмен бітірген.

2009 жылдан бастап Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, «Химия және экология» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, қауымдастырылған профессор, «Өміртіршілік қауіпсіздігі және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда осы университеттің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының жетекшісі және «Экология және химиялық технологиялар» кафедрасының қауымдастырылған профессоры қызметтерін қоса атқарады.

2009 жылдың 20 қарашасында «Ә.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» АҚ жанындағы Д 53.18.01 Диссертациялық Кеңесінде 02.00.03 – органикалық химия мамандығы бойынша химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Гидроалкоксикарбонилирование изобутилена моноксидом углерода и моно(поли)атомными спиртами в присутствии фосфиновых комплексов переходных металлов VIII группы» тақырыбындағы диссертациялық жұмысын сәтті қорғаған.

2010-2012 жылдарға Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның, 2012 жылы Қызылорда облысы «Жас ғалым» номинациясы, 2013 жылға Қызылорда облысы Әкімі стипендиясының, 2014 жылы Ресей Жаратылыстану Академиясынан өнертабысты дамытқаны үшін А.Нобель атындағы медаль, ҚР Білім және ғылыми министрлігінен Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2016, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың «Үздік оқытушы» медалі, «Қорқыт Ата Алтын медалі» иегері атанды. Ресей Жаратылыстану Академиясының профессор ретінде мүшесі.

Қызылорда қаласында құрылған «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде әлеуметтік маңызы бар жобалар арқылы өңіріміздің қоғамдық өміріне араласып тұрады. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ базасында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен жүргізілетін ғылыми жобаларға жетекші, жауапты орындаушы ретінде қатысады. Шетелдік жоғары импакт-факторлы және Қазақстанның ғылыми басылымдарында 70 мақала, халықаралық және республикалық конференциялардың 68 материалдары мен тезистері, 20 ҚР инновациялық патенттері мен өнертабыс патенттері, ЖОО студенттеріне арналған 4 оқу құралдары, 2 монографиялар түріндегі 164 ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы.