Нұрлыбек Даумов – педагогика ғылымдарының докторы, профессор

Нұрлыбек Ғилажұлы оқушылардың, жас зерттеушілердің тұлғасын қалыптастыру үшін бірнеше ғылыми жұмыстар, жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану негізінде оқушылардың зерттеу қызметін дамыту әдістемесін жазды. Педагогика негізінде бірнеше танымдық мақалалар жарыққа шығарды. Нұрлыбек Ғилажұлы мектептердің бүгіні мен болашағы жайында зерттеп жүрген ғалымдардың бірі.

Ол 1958 жылдың 3 қыркүйегінде Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Котяевка селосында қарапайым отбасында дүниеге келген. Абай атындағы орта мектебін аяқтағаннан кейін, Орал қаласындағы А.С.Пушкин атынағы педагогикалық институттың жаратылыстану-география факультетін бітірген. 1979 жылы бокстан спорт шебері атағын қорғаған.

1981-1989 жылдары Атырау қаласы Атырау облыстық балалар спорт мектебінің жаттықтырушысы, кейін сол спорт мектебінің директоры болды. 1985 жылы Халықаралық әлем марафонына қатысып, жеңімпаз атанды. 1989-1990 жылдары Атырау қаласындағы №16 мектептің директоры қызметін атқарды. 1990 жылы дарынды балаларға арналған жаңа экспериментальды мектеп-интернатының – қазіргі Атырау облыстық ұлттық дарынды балаларға арналған интернат мекемесі бар гимназияның басшысы болды. Бүгінгі күнге дейін жоғарыда аталған гимназияда басшылық етеді. 1995-1999 жылдары Құрманғазы ауданының облыстық маслихатының депутаты болды.

Нұрлыбек Ғилажұлы 1993 жылдан бастап зерттеу жұмыстарымен айналысты.

2000 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім Академиясы жанындағы аспирантураға сырттай оқуға түскен. 2000 жылдың 27 желтоқсанында ғылыми Кеңес отырысының қаулысымен «Кәсіптік білімді информатизациялау» зертханасына тіркелді.

2002 жылы ІІ Республикалық жастар және дарынды балалармен жұмыс жөніндегі инновациялық әлеуметтік-педагогикалық жобалар фестиваліне қатысып, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының сертификатын иеленді. 2003 жылы М.Өтемісұлының 20 жылдығына арналған «мектеп оқушыларын тәрбиелеудегі этнопедагогикалық проблемалар» тақырыбында өткенХалықаралық ғылыми педагогикалық конференцияға қатысып, «Үздік баяндамашы» атанды.

1993-2010 жылдар аралығында Республикалық басылымдарда 51 танымдық мақала жазып, 6 ғылыми еңбегі жарық көрді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылдың «Үздік педагог» атағының иегері атанды. Қ.Б.Сейталиевпен бірлесіп жазылған «Атырау ұлттық гимназиясы. Бүгіні мен болашағы» атты кітабы, «Жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану негізінде оқушылардың зерттеу қызметін дамыту әдістемесі», «Оқушылардың зерттеу қызметін қалыптастыру барысындағы компьютердің рөлі», «Жас зерттеуші тұлғасын қалыптастыруда жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдау әдістемесі» кітаптары, этнопедагогика пәні бойынша лекциялар жинағы жарық көрді.