Нұржан Әшіров – мәслихат депутаты, «Сапа-2002» ЖШС төрағасы

Нұржан Сапабекұлы ауыл шаруашылығы саласының сапасы жоғары  егін өнімдерін шығарумен айналысатын «Сапа-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалады. Өз ісінің нағыз маманы ретінде аудан, облыс көлеміне танымал кәсіпкер бүгінде бірнеше елеулі істердің ұйытқысы болды.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылында дүниеге келген.

1978 жылы Шарбұлақ ауылындағы С.М.Киров атындағы орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы Ташкент автомобиль жолдары институтының автотранспорт факультетіне оқуға түсіп, 1983 жылы «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» бойынша «Инженер механик» мамандығын алып шыққан.

Еңбек жолын 1983 – 1986 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы облыстық жолаушы тасымалдау басқармасында аға инженер болып бастаған. 1986 – 1994  жыл аралығында Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылындағы «Ленин» атындағы ұжымшарда еңбек қорғау инженері, жөндеу ұстаханасының меңгерушісі, жем-шөп дайындау цехының меңгерушісі және осы ұжымшардың бас инженер қызметтерін атқарған.

1991 жылы «Сапа» шаруа шаруашылығын ұйымдастырып, 2002 жылы Шарбұлақ ауыл округіндегі ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, «Сапа - 2002» ЖШС құрып, бүгінгі күнге дейін осы шаруашылықтың төрағасы болып жұмыс істеп келеді.

«Жер қашанда біздің басты байлығымыз болған.  Сондықтан, оны ұтымды пайдалану керек.  Жерге егін егіп,  мал жайып,  оған инвестиция тарту керек» – дейді Н.Әшіров.

Ол Қазығұрт аудандық мәслихатына, Оңтүстік Қазақстан облыстық  маслихатының   екі рет депутаты болып сайланған. Нұржан Әшіров «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, «Құрмет», «Ұлт даңқы» секілді тағы басқа да ордендерімен  марапатталған.