Ольга Чечулина – Like Me агенттігінің SMM-маманы

Қостанай жұртшылығына #Хелпер жобасымен етене таныс Ольга Чечулинаның негізгі мамандығы – экономист. Ол Челябинск Мемлекеттік университетінің Қостанай филиалындағы экономика факультетінде жоғары білім алған. Бес жыл бухгалтерия саласында қызмет еткен О.Чечулинаның 2015 жылы Санкт-Петербургке жолы түседі. Ресейдің тарихи әрі көрнекті қаласында өмір сүріп жатқан тұрғындардың киілмей, гардеробта тұрып қалған киімдерді қалай қажетіне жаратып отырғанын, сол арқылы әлеуметтік теңсіздікті сақтап, қоршаған ортаны қалай қорғап отырғанына ерекше назар аударады. Сөйтіп, туған қаласына орала салысымен көрген-түйгенін жүзеге асыру үшін #Хелпер жобасын қолға алады. Ресейліктер секілді қаланың халық көп жиналатын орындарына жеке тұлғалар өздерінің қолданыстан шығып қалған киімдерін салуы үшін үлкен жәшіктер қоя бастайды. Бір қызығы, алғашқы қойылған жәшікке әрбір 3-4 күн сайын киім толып қалады және бұл жобаның өте пайдалы екенін тұрғындар да түсіне бастайды. Уақыт өте келе Ольга Чечулина киімдерді жәшікте емес, арнайы бөлмелерде қабылдау үшін әртүрлі ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Нәтижесінде, 2016 жылдың көктемінде, яғни, жыл сайын қайталанып отыратын су тасқыны кезінде зардап шеккен Суриковка және Қостанай-2 елдімекендерінің тұрғындарына жылы әрі таза киімдермен көмектеседі. Ольганың әуелгі мақсаты да алуан түрлі көмек қорлары секілді жағдайы төмен отбасыларға, тұрғындарға осылай көмектесу болатын.

Қазіргі таңда Қостанайды ескі киімдерді қабылдайтын 4 хелпербокс бар. Оның ең танымалы қаланың орталық базарында орналасқан әрі ол бірнеше күн ішінде лезде толып қалады екен. Сондай-ақ, бұл жоба арқылы кейбір киім-кешектер қайта өңдеуге де жіберіледі. Пайдасы – аузы-мұрнынан шығып тұрған шкафтар керексіз киімдерден босайды, киімге зәру тұрғындар қуанышқа бөленеді және қоқыстарға киім тасталмайды, нәтижесінде қоршаған ортаға зиян келмейді. Жас та болса осындай игілікті істің басында жүрген О.Чечулина бүгінде Like Me агенттігінде SMM-маман болып қызмет істейді. 2016 жылы озық ойлы, қоғамға пайдалы болған «экономистке» ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыс әкімінің Алғысхаты табыс етілді.