Ольга Корягина – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Өмірін психология және педагогика саласына арнаған Ольга Васильевна еліміздегі іргелі ЖОО-ның бірі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті «Педагогика» кафедрасының доценті. 118 ғылыми еңбегі жарық көрген О.Корягинаның жүздеген шәкірті республиканың түкпір-түкпіріндегі мектеп, колледж және университеттерде мүйізі қарағайдай маман болып отыр. Біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілеті және еңбекқорлығы ескеріліп, Қарағанды, Петропавл университеттерінде кафедра меңгерушісі қызметтеріне тағайындалған.

Еңбек жолын Вагулинск орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған, К.Д.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының түлегі О.Корягина 1989 жылы Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтының аспирантурасын бітіріп, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Н.Д.Хмельдің жетекшілігімен педагогика теориясы мен тарихы мамандығы бойынша диссертациясын қорғап шығады. 2006 жылдан бері М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің өзі басқарған «Педагогика» кафедрасында доцент қызметін атқарып келеді. Елімізден бөлек әлемнің бірнеше елінде, атап айтқанда, Ресей, Польша, Чехия және Болгария мемлекеттерінде өткен Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға үздіксіз қатысып тұрады. Жемісті еңбегі, қоғамдағы белсенділігі мен жоғары деңгейдегі мамандарды даярлауға қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және де университет ректорының Алғысхат, грамоталарымен марапатталған.