Ольга Нуштаева – ұлағатты ұстаз

Ольга Нуштаева ұрпақ тәрбиесі жолында көп жылдар бойы аянбай еңбек еткен ұстаз. Білікті маманнан сабақ алған шәкірттердің дені бүгінде зор жетістіктерге жеткен. 

1973 жылы 20 қаңтарда Қостанай облысы, Рудный қаласында дүниеге келген. Ол Қостанай мемлекеттік университетінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Ұлағатты ұстаздың білім саласында тер төккеніне биыл 25 жыл.

Ол еңбек жолын балабақшада тәрбиеші болудан бастайды. 1990 жылдары мектепке дейінгі орталықтардың дені өз жұмысын тоқтата бастаған кезде Ольга мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді. Содан соң  тәжірибелі маман аталған білім ошағының директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Шәкірт тәрбиелеуде көпке үлгі бола білген ұстаз 2004 жылдан бастап Рудный қаласының қалалық білім беру бөліміне қарасты мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, шағын орталықтар мен мектепке дейінгі дайындық сыныптарының қызметкерлеріне әдістемелік қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ түрлі іс-шараларды жоспарлау, талдауды жүзеге асырады және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының инновациялық және эксперименталды жұмысының нәтижелерін қорытындылайды.

Қазіргі таңда Ольга Нуштаева Рудный қаласы әкімдігі Рудный қалалық білім бөлімінің жоғарғы санаттағы әдіскері.

Тәжірибелі ұстаздың жетістіктері де аз емес. 2014 жылы өңірлік «Қостанай дарыны» ғылыми-практикалық орталығының алғыс хатымен марапатталған. Ал 2015 жылы Қостанай облыстық білім бөлімінің алғыс хатымен және Қостанай облысы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ бөлімі ББЖ ҚБАРИ алғыс хатымен үздік деп танылған ұстаз. 2017 жылы Рудный қаласының дамуына қосқан үлесі үшін «Рудный қаласына 60 жыл» мерекелік медальінің иегері атанған.