Өзбек Сабырұлы Тастамбеков – суырып салма ақын

Өмір бойына ауыл шаруашылығы саласында адал қызмет етіп келе жатқан Өзбек Тастамбеков – аудандық түрлі мерекелік, қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде атсалысып жүрген азаматтардың бірегейі.

Сондай-ақ, ол – ойының терең түбінен маржан сүзген суырып салма ақын. Оның көптеген өлең-жырлары облыстық, аудандық мерзімді баспасөз беттеріне жиі шығып тұрады. Өзге де жергілікті ақындардың өлеңдері топтастырылған «Қызырлы Қызылжар», «Жауқазын жырлар, балауса үндер» сынды жыр жинақтарына Ө.Тастамбековтің туындылары енген. Бір үйден үш шайыр шыққаннан кейін, Ө.Тастамбековті жақын танитын жұртшылық оларды «ақындардың отбасы» деп атап кеткен. 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы аясында Мамлют ауданы, Бостандық ауылының тұрғыны Өзбек Тастамбеков пен оның екі ұлы Фархат және  Санжардың   бірлесіп жазған «Өлеңмен өрілген өмір» атты жыр жинағы жарық көрді.