Павел Сидорчук – жеңіл атлетикадан жаттықтырушы

Қостанай облысының Тобыл ауылында дүниеге келген Павел Сидорчук – барлық адамға үлгі боларлық жан. Ол 16 жасында мектеп бітіре салысымен еңбекке араласып, депода слесарь болып қызмет істейді. Екі жылдан кейін электровоз машинисінің көмекшісі болса, 19 жасында әскерге аттанады. П.Сидорчук әскери борышын өтеп келген соң бұрынғы жұмысын жалғастырады. Бір жылдан кейін Қарағандыдан электровоз машинисінің курсын оқып келеді. Алайда, оның өмірі бір-ақ сәтте күрт өзгереді. Оқыс оқиға орын алып, екі аяғынан айырылған оның машинист болам деген арманы орындалмай қалды. Ұзақ уақыт сауықтыру кезеңінен өткен Павел «Арай» ЖШС-не ЭВМ операторы болып жұмысқа орналасады. ІІ топ мүгедегі болса да, еш мойымай салауатты өмір салтын ұстанады. 1996 жылдан бастап спортпен айналысатын П.Сидорчук Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінде денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша 2013-2016 жылдар аралығында білім алса, қазір З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде білімін жетілдіріп жатыр. Лисаковск қаласы әкімдігінің спорт бөлімінде мүмкіндігі шектеулі жандарды жеңіл атлетикаға үйретіп, өзі секілді кәсіпке айналдырған спортшыларды жарысқа дайындап жүрген П.Сидорчук облыстан бөлек, республикалық, халықаралық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері.

2011 жылы желтоқсан айында Қостанай облысының ең үздік 10 спортшысының қатарына кірген оның бүгінде халықаралық жарыстардан иеленген 23 медалі бар. Олардың қатарында шоқтығы биік 2016 жылы жеңіл атлетикадан Дубайда өткен «FAZZA» халықаралық турнирінде Азия және Мұхит аймағы чемпионы, 3 күміс, 1 қола медальді жеңіп қайтқанын, 2017 жылы аталмыш шаһарда және Шарджа қаласында өткен әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс және 3 қоланы қанжығалағанын баса айта кетуге болады. 2014 жылы Лисаковск қаласының «Құрметті азаматы» атағы «Қайсар тұлға» сыйлығы берілген. 2016 жылы Республикалық паралимпиадалық ойындарында жеңіл атлетиканың үш түрінен чемпион атанған.