Мен және Қазақстан

Бір адам мен тұтас бір елдің тағдырлары ұқсас болуы мүмкін бе? Мен өзім және елім туралы бұл әңгімемді осы сұрақпен бастағым келіп тұр. Бұл сұраққа жауапты оқырман әңгімем барысында ала алады деген үміттемін.
Кез келген адам өзін өзгелерге керек екендігін сезінгісі келеді. Бұл сезім адамның мемлекеттен, қоғамнан, отбасынан және жалпы адамзат қауымдастығынан тыс өмір сүре алмайтындығын көрсетеді. Ежелгі грек философы, бірінші ұстаз Аристотель атақты "Саясат" атты еңбегінде: "Адам мемлекеттен тыс өмір сүре алмайды. Егер ол одан тыс өмір сүретін болса не жануарға, не құдайға айналады",-деп жазған. Сонымен қатар, Аристотель мемлекетті адамға теңейді. Егер адамның бір қолын немесе мүшесін алып тастаса ол өзін толыққанды ағза ретінде сезінбейді. Сол сияқты адам да мемлекеттен тыс өмір сүре алмайды және мемлекет те адамсыз өмір сүре алмайтыны сөзсіз. Ия, әрбір адам жеке тұлға екендігі рас, бірақ оның адамдар бірлестігінің бір мүшесі екендігі де рас. Әр адам өзін түрлі деңгейдегі бірлестіктермен бірегейлендіреді. Біреулері сенімімен, ұлтымен, туып өскен жерімен; екіншілері кәсібімен; үшіншілері отбасымен, мемлекетімен өзін бірегейлендіреді. Ал мен өзімді ең алдымен адам ретінде бірегейлендіремін. Өзімнің қандай бірлестікпен бірегейлендіретінімді анықтау үшін:"Мен кіммін?,- деп сұрақ қоямын. Бұл сұраққа жауап беру барысында төмендегідей иерархиялық тізім туындайды:
    Мен кіммін?
  1. Мен – "адаммын";
  2. Мен – "еуразиялықпын";
  3. Мен – "қазақстандықпын";
  4. Мен – "қазақпын";
  5. Мен – "мұсылманмын";
  6. Мен – "Орта жүзбін - Қоңыратпын - Қаракөсе руынанмын - Болтай - Сәуіт - Қараменде - Есіркеп - Барлыбай - Бөлебай - Ілесбай - Шәмші - Қалдыбай - Рүстембек және мен";
  7. Мен – "ОҚО, Мақтарал ауданы, Мырзакент қалашығынанмын";
  8. Мен – "студентпін";
  9. Мен – "оқушымын";
  10. Мен – "Қалдыбаевтар әулетіненмін";
  11. Мен – "әкем мен анамның баласымын";
  12. Мен – "өз, қайын және нағашы жұртымның баласымын";
  13. Мен – "інілерім мен қарындасымның ағасымын";
  14. Мен – "Пердеханмын";
  15. Мен – "саясаттанушымын".
    Халқымыз "отан - отбасынан басталады", "балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі" дейді. Кез келген адамның өміріне отбасында алған тәрбиесі ықпал етеді. Отбасыдағы тәрбие баланың өміріндегі үй іргетасы іспетті. Үйдің көп уақыт тұруы үшін оның іргетасы мықты болуы тиіс. Ендеше мен өз отбасым туралы әңгіме қозғаймастан бұрын өз есімімнің туындау тарихы жайлы баяндап бермекшімін.
    Қазақ халқы енді ғана жарық дүние есігін ашқан сәбиге ат қою дәстүріне ерекше мән береді. Халқымыз балаға азан шақырып қойылған аттың оның бүкіл өміріне әсер ететініне сенеді. Қазақ отбасында туылған мен үшін де ат таңдау ерекше маңызға ие болды. Әкемнің сөздері бойынша мен туылмай жатып, егер ұл туылса атын Шерхан қоямын деген арманы болған екен. Бірақ ол кісінің арманы алланың қалауымен орындалмай қалды. Мен жарық дүниеге өз атыммен дүниеге келдім. Тарихта белгілі тұлғалардың туылуының өзінде мистикалық дүниелер бар екендігі бәрімізге мәлім. Мысалы, Моңғол империясының негізін қалаушы, әлемнің жартысын жаулап алған Шыңғысханның (Темучин) қолында бір уыс қанмен туылғандығы жайлы аңызды келтіруге болады. Мен бұл өмірге "перделі" болып келдім. Орыстар мұндайды "родился в рубашке" дейді екен. Сенім бойынша осылайша пердемен туылған баланың өмірінде үнемі сәттілік болады дейді. Халқымыз ырымшыл халыққой, осылайша маған өз есімімді берді. Пердехан деп әкемнің әпкесі атады. Қазір хандардың уақыты келе жатыр деген сеніммен осы атты қойған екен. Ат қою дәстүрі тек бір адамға қатысты емес, тұтас мемлекетке де қатысты екендігін қазір көріп тұрмыз. Қазір қоғамда еліміздің атауын "Қазақ Елі " деген атауға өзгерту туралы сөз болып жатыр. Оны елбасымыздың өзі де айтып кетті. Менің ойымша, еліміздің Қазақстан Республикасы ретінде қалғаны дұрыс. Себебі біз осы атаумен дүниеге келдік. Және осы атаумен әлемге танылдық. Енді алдағы кезде де осы атау елдің өміріне ықпал етеді.
    Ал енді отбасым жайлы сөз қозғайын. Отбасыда әкем, анам, екі інім және қарындасым бар. Менің  өмірлік көзқарастарымның қалыптасуында әкемнің ролі үлкен. Ол кісі маған кішкентай кезімнен келесі сөздерді айтып келеді:
   -Балам өмірде сараң болма, ол жігіттік қасиет емес. Бірақ аузыңдағы асыңды біреуге беріп қойма, тым ашық болудың қажеті жоқ. Дәл осы екі шектің ортасында бол. ("Золотая середина").
    -Балам мынау сенің үйің, территорияң. Үйіңе қонақ достық пейілмен келсе оған үйіңнің төрінен орын бер де, жағдайын жаса. Ақша кетсе кетсін, бірақ абырой кетпесін. Қазақ қонақжай халық. Ал егер дұшпан келсе онымен күрес, білектің күші жетпесе, оны ақылыңмен жең. "Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығатынын" ұмытпа. 

 Қазір саяси сауатым ашылып осы тәрбиелік мәндегі сөздердің мәнін түсіне бастадым. Еліміздің сыртқы саясатта ұстанатын әрекеттерінің дәл әкемнің сөздеріне сәйкес екендігін байқадым. Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстанады. Ол саясаттың мәні ешқандай елді бір-бірінен жоғары не төмен көрмей тең дәрежеде көруге негізделеді. Бірақ біз өзіміздің ұлттық мүддемізді ешқашан ұмытпағанбыз.

Менің өмірімдегі келесі бір ұя ол мектебім. Дәл мектеп қабырғасында менің тұлға ретінде қалыптасу үрдісі жүріп өтті. Мұнда менің өмірге, айналама деген көзқарасым ашылды. Оған мектеп ұжымы әсер етті. Мысал ретінде мына мұғалімдерімнің сөздерін келтіре аламын. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезім еді(шамамен 2 сынып). Сол уақытта балалық қылып сыныптасымның түріне күліп едім. Сынып жетекшім мені ұрсудың орнына келесі сөздерді айтты: "адам қандай түр -келбетпен келетінін таңдамайды,  барлығы алланың қолында. Сондықтан ол үшін біреудің үстінен күлуге болмайды". Осы сөздер менің есіме сақталып қалыпты. География пәнінің мұғалімі "қазақтың кеңпейілдігі мен ашықтығы арқасында бізге алла осыншама кең байтақ жерді берген" деп айтушы еді. Ал өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі: " қазақтың аузын ашсаң жүрегі көрінеді. Біз кішіпейіл, қонақжай, ашық халықпыз",- деп айтушы еді. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында прагматизм,сана ашықтығы туралы ойларын оқыған кезімде мектеп мұғалімдерінің жоғарыдағы сөздері есіме түсті. Мен оқыған мектептің тағы бір ерекшелігі біздің қабырғада әртүрлі ұлт өкілдері оқып білім алды және білім алуда. Мектебімде 70 пайыз қазақ ұлты және 30 пайыз өзге де ұлт өкілдері білім алды. Неге екені белгісіз мен оларды ұлтына қарап емес адамгершілік қасиеттеріне қарай ажырататын едім. Себебі адамгершілік қасиет тек бір ұлт өкіліне қатысты еместігіне сенетін едім. Қазір қарап тұрсам менің мектебім еліміздің кішігірім моделі екен. Біз бәріміз бір отбасы секілді өмір сүрдік. Қазір де менің өзге ұлт өкілдерінен көптеген достарым бар. Сондықтан Қазақстанның да әртүрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына бірігіп тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретініне сенімдімін. 
Жоғарыда мен мектебімді қазақстанның кішігірім моделі ретінде қарастырдым. Бұл көзқарас тек мектебіме қатысты ғана емес, кіндік қаным тамған жеріме де тиесілі. "Мырзакент" деп аталатын ОҚО, Мақтарал ауданында орналасқан бұл қалашықта менің балалық шағым өтті. Мұнда әртүрлі ұлт және конфессия өкілдері өмір сүріп келеді. Аллаға шүкір менің туылған жерімде мұндай алуантүрлілік ешкімге кедергі келтірмей келеді. Керісінше бала күнімнен бері үлкен кісілер сөздерінен қазақтардың өзге ұлттармен бірге өмір сүруі өзімізге пайдалы болды деген ойларды естіп өстім. Абай атамыз үшінші қара сөзінде: "ен бала кезімде өзге ұлт өкілдеріне күлуші едім. Қазір қарап тұрсам барлығының істеп жүрген шаруасы бар. Ешкім бос жүрген жоқ. Сондағы менің күлгендерім қайда?",- деп жазған. Ел ағаларынан Абай атамыздың ойына ұқсас сөздерді жиі еститін едім. Сондықтан біздің өзгелерден үйренетін дүниелеріміз көп, керісінше өзгелердің де бізден үйренері көп екен деген қорытындыға келдім. Бізге сана ашықтығы қажет екен. Жаратушы бізді әртүрлі етіп жаратты. Ақпен бірге қараны да жаратты. Егер ақ болмаса біз қараның бар екендігін білмеуші едік, қара болмаса ақтың бар екендігін білмеуші едік. Сондықтан өзгелерге толеранттылықпен қарау қажет.
Өмірлік көзқарасымның қалыптасуындағы келесі бір баспалдақ Университет болып табылады. Бұл менің келесі ұям. Қазіргі күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану мамандығы бойынша оқимын. Яғни, әлі студентпін. Университет және студенттер үйі қабырғасында оқып жүріп өмірлік және кәсіби тәжірибе алудамын. Дәл осы саясаттану мамандығында оқып Елбасының жүргізіп отырған саясатының дұрыс екендігіне көзім жетті. Әсіресе, "Мәңгілік Ел" идеясының жарқын қолдаушысымын. Және де жүрген жерімде осы идеяның маңыздылығын түсіндіруге тырысамын. Сонымен қатар, Елбасының "алдымен экономика, одан кейін саясат" атты қағидасын қолдаймын және жеке өмірімде осы қағидамен жүремін. Мысалы, студенттер үйін айтар болсам, ол да бір елдің кішігірім моделі іспетті. Мұнда студент жастар өмір сүреді. Студенттер арасындағы адами қатынас ол саясат, ал олардың арасындағы тұрмыстық дүниелердің қатынасы ол экономика. Экономикадағы секілді студенттер үйінде бір бөлмеде бар тұрмыстық зат, екінші бөлмеде болмауы мүмкін және керісінше екінші бөлмедегі бар тұрмыстық зат бірінші бөлмеде болмауы мүмкін. Нәтижеде әр бөлме бір-бірімен айырбас жасайды. Бұл қалыпты экономикалық байланыс. Егер осы екі бөлме болмашы нәрсеге бола конфликтіге түсетін болса олар бір-біріне тұрмыстық заттарын беруді доғарады. Бұл экономиканы саясиландыру деп аталады. Ал Елбасымыздың "алдымен экономика, одан кейін саясат" қағидасына сүйенер болсақ екі бөлменің арасындағы конфликтінің шешу жолының дұрыс еместігіне көзіміз жетеді. Шынымен де екі бөлме де бір-біріне экономикалық санкция қойып өздеріне зиян келтіріп жатқандығын ескермей отыр. 
    Елбасы "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында ұлттық бірегейлілігімізді сақтау мен мемлекететтің революциялық емес эволюциялық даму жолымен жүру керектігі жайлы жазған. Ұлттық бірегейлілікке қатысты мен азаматтық бірегейлілік позициясын ұстанамын. Бұл батыс елдеріндегі мультикультурализм емес. Біз батыс елдерінің мұнда жіберген қателігін қайталамай, Қазақстандың азаматтық бірегейлілік моделін қалыптастыруымыз қажет. Елімізде өмір сүретін барлық азамат ұлтына, сеніміне қарамастан өзін "Қазақстандықпын" деп сезінуі қажет. Бірақ ол деген әр ұлт өзінің ұлттық ерекшеліктерін ұмыту деген сөз емес. Мен өзімді қазақстандықпын деп есептеймін. Бірақ бұл өзімнің қазақ екенімді ұмыту керек деген сөз емес. Қазақты қазақ ететін оның тарихи санасы. Қазақ ұлты жүздер мен рулардан құралған. Бұл біздің тарихи санамыздың белгісі. Әкем маған өз руымның шежіресі туралы кітапты алып келген уақыт әлі көз алдымда. Осы кітапты оқы, әр жігіт өзінің жеті атасын білуі шарт деп маған осы кітапты берді. Кішкентай кезімнен әкем маған аталарым туралы ақпарат беріп келді. Осылайша өз шығу тегім жайлы біліп өстім. Елбасы 2050 стратегиясында шежіренің халқымыздың біріктірушісі екендігін айтып өтті. Менің ойымша әрбір ұлт өзінің шығу тегі туралы білуі тиіс, бірақ мұны саясиландыруға болмайды. Сонымен қатар, мен тек отбасымның ғана емес, Қалдыбаевтар әулетінің мүшесімін. Атамыз ерте дүниеден өткен. Әкемнің айтуы бойынша атамыз қайтыс болысымен үлкен әулет тарай бастаған екен. Қазір саяси сауатым ашылған тұста осы үрдістің КСРО-ның ыдырауы үрдісімен ұқсас екендігіне көзім жетіп отыр. Менің әулетім КСРО-ның және одан кейінгі посткеңестік кеңістіктің кішігірім моделі ісптетті. Әкем біздің жасаған қателігімізді сендер қайталамаңдар деп үнемі айтып отырады. Сондықтан менің мақсатым әулетті қайтадан біріктіру,и бірақ өзге сапалық деңгейде. Менің ойымша Елбасының Еуразиялық интеграция барысында жүргізіп отырған саясаты өте орынды. Бұл дегенім КСРО ны қайтадан құру емес, оның құрамындағы елдерді экономикалық байланысты орнату арқылы біріктіру. Осындайда елбасының "алдымен экономика, одан кейін саясат" қағидасының дұрыс екендігіне тағы да көзімізді жеткіземіз.Президентіміздің еуразиялық идеяны өмірде жүзеге асырып жатқандығы көңілге ұнамды. Мен де елбасының әрбір іс-әрекетін бақылай келе және ол кісінің еңбектерін оқи келе еуразияшыл идеяны қолдайтын болдым.