Слекенов Рафаэль Оразбайұлы 1973 жылдың 20 қаңтарында Атырау облысының Индер ауданында дүниеге келген. 1998 жылы Хәлел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін "Музыка және бейнелеу өнері" факультетін  тәмамдаған. 1999 жылдан бері Атырау қаласының жас суретшілер бірлестігінің төрағасы, Қазақстан суретшілер одағы жастар бірлестігінің, 2001 жылдан бері ҚР Суретшілер одағының мүшесі.  2003 жылдан бастап Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында қоюшы суретші. 2007 жылдан Қазақстан суретшілер академиясының мүшесі.

Сонымен қатар, Рафаэль Оразбайұлы бейнелеу өнері саласында ақпарат алмасуға, әлем бойынша өткелі жатқан суретшілер көрмесі мен түрлі симпозиумдарынан хабардар болып, қатысуға, суретшінің жұмыстарының жан-жақты таныстырылуына мүмкіндік жасайтын "MircaArtGroup" халықаралық суретшілер қауымдастығының мүшесі.

Рафаэль Слекенов 1999 жылы II Республикалық "Шабыт Миллениум" фестивалінің дипломанты, 2000 жылы Халықаралық жас суретшілердің "Жігер - 2000" фестивалінің лауреаты, 2001 жылы «Шабыт – 2001» IV Халықаралық жастар фестивалінің  I премиясының лауреаты, 2004 жылы "Тарлан" Тәуелсіз сыйлығының лауреаты, 2007 Польша Мәдениет министрлігінің стипендиаты атанған.

2012 жылы Рафаэль Оразбайұлы, Атырау қаласынан "Қазіргі заманғы өнер" галереясын ашты.

(Суреттерге тінтуірді жақындату арқылы үлкейтіп көре аласыз)

2017 жылы, Лондон қаласында Robert Phillips галереясында "Дала романтикасы" атты жеке көрмесін өткізді. Галерея көрмеге арнайы 66 беттік картиналар каталогын шығарып, отандасымыздың туындысы "Robert Phillips" галереясының Мәдени іс-шаралар күнтізбесінің мұқабасына айналды.

Суретшінің төл туындылары Ақтау, Атырау, Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде және Англия, АҚШ, Норвегия, Нидерланды сынды көптеген мемлекеттердің өнерсүйер қауымының жеке коллекцияларында сақтаулы.

 

Өнертанушылар Рафаэль Слекеновтың туындыларының негізінде мықты - графикалық өзек барын айтады. Оның жұмыстарында кеңістіктің өзі - ертегідегі үйшіктер, ағаштар, мамық бұлттар, өзгелерден дараланып тұрады. Кейіпкерлеріне қарасаңыз, кенептегі туынды анимациялық қағидалармен салынған суретке ұқсайды. Ол сурет салғанда майда детальдарды қолданғанды ұнатады, алайда түстердің қанықтығынан қорықпай, үлкейтіп көрсетіп, әсірелеп те жібереді. Бірақ бір ерекшелігі оның туындылары бәрі бір жеңіл, түс пен сызықтардың жоғарғы талғамды екені анық байқалады. Суретшінің әдемілікке деген құштарлығы оның киносаласындағы еңбектерінде де көзге ерекшелене түседі.

 

 

Шығармашылық адам үшін еркіндік өте маңызды. Мен де қатып қалған қағидаларға сүйенгім келмейді. Өзімнің сурет салудағы бағытымды нақты бір жанрға жатқыза алмаймын. Бірақ өнертанушылар менің шығармашылығымда еуропалық модернизм мен қазақтың дәстүрлі өнері араласқан дейді. Менің жұмыстарымды көрген адамдар кейіпкерлерімді жапон тектес деп жатады. Алайда, мен өз жұмыстарымды жапон келбетін салайын деп салмаймын, ол ішкі жан дүниемнен өзі шығады.  

Өз жұмыстарымда адамға фотосурет немесе видео түсірілім арқылы берілмейтін, көре алмайтынды саламын. Кейде ойымда бір-бірімен байланыспайтын, нақты емес кескіндер болады. Осындайда суретші ең бастысы сезімдерді ұстап алуы маңызды. Адам менің суретіме қарағанда сол сәтте өміріндегі уайым мен мазасыздықты ұмытып кетіп, жандүниесі рахат тапса деймін. Шексіз ойлана беру, әсіресе уайымдау денсаулыққа зиян. Тұнжырап жүретін адам тез ауырғыш келеді. Сондықтан баста да "демалыс күндерін" жасап тұру керек. Айналаға қарап, оның әрбір бөлшегінен әдемілікті, жақсылықты көре білу нағыз бақыт деп білемін. Бастысы жүрек әрдайым әдемі болып жүруі тиіс.

Қазіргі уақытта 300-ден астам картинам бар. Солардың ішінде өзіме «Небесный разум» деп аталатын жұмысымды қалдырдым. Осы сында жан дүниеме жақын туындыларымды көрмеге қоямын, бірақ сатпаймын.

Мен Атырау қаласына 1993 жылы әскерден келгеннен кейін көшіп келгенмін. Ол уақытта Атырауда жағалау және екі көше ғана болатын. Қазір қала мүлдем өзгеріп кетті. Маған Атыраудың сананы азықтандыратын ерекше энергетикасы қатты ұнайды. Мұнда менің ең үздік туындыларым дүниеге келді. Мені  өзімнің шығармашылығым, онымен өзгелермен бөлісе алатындығым шабыттандырады.

Мен әрдайым ізденіс үстінде жүретін адаммын. "Рухани сөмкем" қандайда бір шектеулермен толып қалғанын қаламаймын. Себебі, ол адамның мазасын қашырады. Мен тіпті саяхаттауға шықсам да өзіммен көп зат алып жүрмеймін.