Руслан Абыл – құсбегі, қолөнер шебері

Руслан құсбегіліктен бөлек, қолөнермен де айналысатын өнерпаз жігіт. «Құсбегілік – менің өмірім» дейді. Құсбегі болу үшін талант пен қасиет керек. Руслан қазіргі таңда, құсбегілікпен кәсіби тұрғыда, яғни қоғамдық қор шеңберінде айналысып, ел арасына насихаттап жүр. Сондай-ақ, ол құсбегілік әбзелдерге (томағаға) ең бірінші қазақ ою-өрнектерін ерекше технологиямен қондырған қол өнер шебері.

Руслан Абыл Алматы облысының Қарасай ауданындағы Ұлан ауылының тұрғыны. Ол өзінің құсбегілікке әуестігін анасының ішінде жатқаннан бастап қалыптасқан қабілет дейді. Тіпті өзі мамандық таңдайтын кезде, жанұясы музыкаға жақын болғаннан кейін дыбыс режисері мамандығына түсемін бе деп ойлапты. Одан кейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясындағы суретшілер факультетіне де бармақшы болыпты. Табиғат қорғау жағынан биологқа да түспекші болған екен. Бірақ жан дүниесі мен жүрегі құсбегілікті қалағаннан кейін, не болса да өмір бойы сүйген ісімен айналысуға бел буған.

Негізі Русланның жанұясы түгелімен өнер адамдары. Анасы ән айтқанда бұлбұлдай сайрайды. Әкесі жас кезінде райондық ансамбльдер құрып, әнші инструменталист болған. Нағашы атасы театрда, Нұрғиса Тілендиев аталармен қазақ концертте жұмыс істеген. Қазақтың соңғы серісі Кенен Әзірбаев ата Русланға туыс болып келеді екен. Ал Біржан сал нағашылар жағынан.

«Менде бір жаңа сарынды, жаңа заманауи технологиямен жабдықталған, жаңашылдық бағытпен этнографилық жағынан зерттелетін құсбегілік орталық салу мақсатым бар. Ол орталыққа табиғат мекендеушілеріне гуманизм орнату. Аңдарды еркін жіберу, ал келген адамдарды қадағалау, арнайы гидттері бар көліктермен жүргізу. Себебі, біздің қандай болса да, хайуанаттар бағында да, кез келген хайуанаттар орталығында да аңдарға деген гуманизм жетіспейді. Ал менің бағымда табиғаттағыдай еркін самғауда болады, аңшылық жасайды, табиғи күйіне жақын болады. Дүниедегі 70-тей мемлекеттің құсбегілік туралы кітаптарында, құсбегіліктің отаны Орталық Азия деп жазылған. Ал менің екінші мақсатым осы Орта Азиядағы кәзіргі Қазақстанның территориясынан құсбегілік ісі мен өнері шыққанын дәлелдеу. Одан кейін осыған байланысты Қазақстандағы туризмді дамыту», — дейді құсбегі жігіт.

Руслан әзірше туристерді аңға шығарып, кей кездері бүркіт, сұңқарларымен тарихи киноларға да түседі, этнографиялық шоуларға қатысады. Тапсырыс бойынша қазақ дәстүрінің стильінде былғарыдан, ағаштан, асыл тастардан әр түрлі әшекейлер мен жасаулар жасайды. Өнері іштен шыққан дүние болғандықтан, жасаған бұыйымының әбзелдері қайталанбайды. Әр тапсырыс иесінің рухына байланысты ерекше жасалынады.

Қолөнерді де арнайы, Руслан ешкімнен үйренбепті. Есін білген шағынан бастап өзін сурет салғыш қыл қаламның қолынан түспегенін айтты. Рухы қалап тұрғаннан кейін, ізденіп, ары қарай дамытыпты. Нағыз қазақтың өнерін дамытып жүрген алматылық жігітті "100 жаңа есім" жобасынан көргіміз келеді.