Сабыржан Әбілдаұлы – спортшы

Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің үздік спортшысы. Дзюдо күресінен жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері. Қазақ күресі, самбо, дзюдо, белбеу күрестерінен Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы. Спорт – денсаулық кепілі. Өміріне спортты серік еткен, спорттың 5 түрінен спорт шебері, ОҚО «барысы», қазақ күресін әлемге танытып жүрген спортшы.

Сабыржан Әбілдаұлы 1989 жылы 11 наурызында ОҚО, Отырар ауданында дүниеге келген.

«Мен 1989 жылы 11 наурызда Отырар ауданы, Көкмардан елдімекенінде дүниеге келдім. 3 қыздан кейінгі жалғыз ұл болып өстім. Алайда, бала күннен менде еркелік емес, жауапкершілік жоғары болды. Үйде әке орнына әке, аға орнына аға, іні орнына іні болуға тура келді. Мектепте үздік оқыдым, 2006 жылы мемлекеттік грант иегері болып, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ға «Алғашқы әскери дайындық» мамандығына оқуға түстім. Кішкентай кезімізде мұғалім «өскенде кім боласыңдар?» деп сұраса, мен бірден «полицей» боламын дейтінмін. Сол бала арманым орындалып, ішкі істер органдарында 2013 жылдан бастап қызмет атқарудамын. Бүгінгі таңда ОҚО ІІД ниспекторы, полиция аға лейтенантымын. Қазақ күресіне 3 сыныптан бастап қатыстым. 7 сыныпта аудандық, облыстық жарыстарда бақ сынадым. Қазір спорттың қазақ күресі, самбо, дзюдо секілді 5 түрінен спорт шеберімін» – дейді спортшы. 

Ол «Қазақстан барысы» республикалық турниріне 2010 жылдан бастап, 4 жыл қатарынан күресті. Үлкен жеңісі 2013 жылы бесінші орынды иеленгені болды. 2013-2014 жылдары ішкі істер органдары арасында самбодан өткен Қазақстан чемпионатынан екі жыл қатарынан бас жүлдені иеленді. Одан өзге, 2008 жылы Ташкент қаласында жастар арасында самбодан өткен Азия біріншілігінде 1 орынға ие болған. Мәскеу қаласында жастар арасында Әлем біріншілігі өтті, онда да 1 орынды иеленді. ОҚО ІІД-нің 2015 жылғы үздік спортшысы атанды.

«Арыңды сақта, болсаң да малға кедей», – деген сөз өмірлік ұстанымым. Намысты жігіт ретінде, қызмет пен достықта адалдықты, отбасыда тұрақтылықты, күнделікті салауатты өмір салтын ұстануды міндет еткенмін. Жат қылықтар жамандықтың бастауы. Ал қызметіме келер болсақ, спорт – сенімді серігім. Жаттығу, үнемі өзіңді жетілдіріп тұру – жеңістің басты қағидасы деп білемін» – дейді Сабыржан Әбілдаұлы.