Сайрамбай Дөненбаев – кәсіпкер, экономист.

Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жарлысу ауылында дүниеге келген. Аудан және өзінің туған ауылының көркейіп, өркендеуіне зор үлесін қосқан азаматтардың бірегейі. «Шәушен» шаруа қожалығының иесі. Одан бөлек С.Дөненбаевтың Астана тұрғындарын таза әрі сенімді ет өнімдерімен қамтамасыз ету үшін елордаға жақын маңнан да шаруашылық кәсібін бастаған жайы бар.

«Малды жаңыңды жеп бағасың. Бес жасымда әкем отардағы қойды санап үйретті. Бірінші күні онға дейін санадым. Одан кейін тілім сынды ма, жүзге дейін жаңылмай санап үйрендім. Бір айдың ішінде бір-бірінен айнымайтын бір отар қойды жұптап санап, есебімнен жаңылмайтын болдым. Содан бері 45 жыл өтіпті. Кезінде мемлекеттің қойын бағып, жүз қойдан 150-ден қозы алып, алға шықтым. Уақыт өте келе өз шаруамды айналдырдым. Құдайға шүкір, қойдың саны 25 мыңға, жылқының басы екі жарым мыңға жетті. Негізгі шаруашылық Жамбыл облысында, он жылдың көлемі болды, осы жерде астаналықтарды жылқы өнімдерімен қамтамасыз етіп жатқан жайымыз бар» дейді Сайрамбай Әліқұлұлы.

Ол – «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығын үнемі жадында ұстап жүретін, кәсібінің нәсібін адал жолмен тауып жүрген еңбекқор кәсіпкер. Аудан орталығына соғыс және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатқан. Сонымен қатар, 40 балаға арналған интернат, 500 орындық мешіт, 100 орындық балабақша, жұмысжыларға арналған 37 тұрғын үй, қымызхана, қасапхана және де демалыс орталығын ашқан. Қазіргі таңда 60 орындық балабақшаның құрылысын бастап кетті.