Нардың жүгін арқалаған азамат

Қазқастан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы елім деген азаматтардың туған өңірге деген іңкәрлік сезімдерін оятуда. Осындай ұлтжанды азаматтардың бірі Өскемен қаласының тұрғыны Сәкен Ғайса дер едім. Ол осыдан екі жыл бұрын «Көкпен таласқан Көктауым, киелі мекенім Абауыр» атты көлемді кітапты жарыққа шығарып, Ұлан ауданындағы туып, өскен ауылы Бестеректің үлкен-кішісін қуантқан еді. Елбасымыз айтып отырғандай, рухани жаңғыру елім мен жерім, ұлтым деген әр азаматты осы мақсат жолында аянбай еңбек етуге                               талпындыруы тиіс. Ал, біз сөз еткелі отырған азаматтың бойында мұндай қасиет ат жалын тартып мінген кезінен ұялаған десем, артық айтқандығым болмас. Соның дәлелі жоғарыда аталған кітабы деуге негіз бар.

Ал, бұл кітаптың айтары не? Кішкентай ғана ауылдардың ірге тасын қалаған ата-бабаларымыздың сіңірген еңбектерін, қиын-қыстау кезеңдерде бастарынан өткерген зіл батпан ауыртпашылықты, алмағайып тарихтың қатпарларын бүгінгі жас буын біле бермейді. Кітап авторы жас ұрпақтың санасын рухани жаңғырту , олардың бойларына ұлтжандылық сезімді ұялату үшін Қалба жоталарының бір қойнауында бұйығы жатқан шағын ауылдың кешегі мен бүгінгі тарихын, осы ауылдан түлеп ұшқан елімізге танымал небір азаматтың өмір жолдарын қопара жазып отыр. Аталмыш еңбекті Бестерек ауылының энциклопедиясы десе де болады.

Енді Сәкен Ғайса кім дегенге келейік. Қашанда көпшілікке пайдасы тиер бір жаңа идеяны тауып, соны жүзеге асыру жолында тынбай еңбектеніп жүретін бұл азаматты көптен бері білемін, тіпті, әулетіне шекті деп айта аламын. Атасы Ғайса Аязбаев Ұлан ауданынан шыққан тұңғыш мұғалімдердің бірі болған. Оның есімі Өскемен қаласының іргесіндегі Ахмер ауылында қазақ балаларына арналған тұңғыш бастауыш мектеп ашқан ұстаз ретінде тарихта қалған.  Кезінде ол кісінің Шығыс Қазақстан облысының оқу-ағарту саласына сіңірген зор еңбегі Еңбек Қызыл Ту орденімен бағаланған болатын. Ал, Сәкеннің әкесі Жүнісбек Ғайсаұлы да әке жолын қуған ұстаз болды. Ол Бестерек, Алмасай, Тарғын ауылдарындағы орта мектептерде ұзақ жыл директор болып, сандаған түлектерді үлкен өмірге қанат қақтырды. Бір сөзбен айтсақ, Сәкеннің бойында атадан мирас болып қалған тектілік бар.   

Бүгінде кемеліне келген, азаматтық ұстанымы берік, мемлекеттік қызметтің әртүрлі баспалдағынан өтіп, тәжірибесі толысқан Сәкен Жүнісбекұлы Ғайсаның нардың жүгін қайыспай көтерер нар тұлғалы азамат болып қалыптасқанына куәгер болып отырмын. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында жоғарғы оқу орынын бітірген соң еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол халық депутаттарының облыстық Кеңесі аппаратында баспасөз-хатшысы, облыстық әкімдікте жастар бөлімінің меңгерушісі, облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи мұраларды қорғау инспекциясының» басшысы сияқты лауазымды қызметтердің тізгінін ұстады. Ол мемлекеттік қызметте жүріп, өзінің іскерлігін, егеменді еліміздің шынайы патриоты екендігін көрсете білді.

Сәкен Жүнісбекұлы 1998 жылдан  Тұрмысы төмен азаматтарды қорғау жөніндегі аймақтық қор шағын несиелеу ұйымының менеджері қызметіне келген болатын. Ал, 2009 жылдан бері осы қордың директоры болып қызмет етуде. Қордың атқарып жатқан игі істері туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында аз жазылған жоқ, сондықтан да оның есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Қазір Сәкен Ғайса басқарып отырған  «Шығыс шапағаты» қоры қысқа жібін күрмеуге келтіре алмай жүрген облыс тұрғындарына өсім пайызы небәрі 5 пайыздық шағын несиемен көмек көрсеткен.    Бүгінде осы қор арқылы жағдайларын түзеп алған азаматтарды облыстың әр ауданынан көптеп кездестіруге болады. Сондай-ақ, аталмыш қор тұрмыс жағдайы төмен, асыраушысы жоқ отбасыларына, жалғызбасты қарттар мен мүгедек жандарға, жетім-жесірлерге де қол ұшын беріп тұрады. Қазіргі нарық заманында қоғамдық қорлар қаржыны өздері табады. Ал, үкімет немесе жергілікті бюджет тараптарынан қаржы аудару қарастырылмаған. Сәкен Жүнісбекұлының қарым-қабілетінің, іскерлігінің арқасында  қордың қаржылық жағдайы жылдан-жылға нығая түсіп келеді. Оны қор есебінен әр түрлі көмек түрлерін алушылар санының көбейіп келе жатқанынан да аңғаруға болады.

«Шығыс шапағаты» қорының шапағаты арқасында шаруасын шалқытып отырғандар аз емес. Осы орайда бір ғана мысал келтіре кетуге болады.  Семейде Абылайхан Асылбаев есімді мүгедек азамат тұрады. Кешегі қылышынан қан тамып тұрған коммунистік билік кезінде Алматының орталық алаңына шерулеп шыққан желтоқсаншы жастардың бел ортасында болған. Кейін Семейде құрылыс жұмысында жүргенінде биіктен құлап, мүгедек болып қалған. Осы Абылайханға зергерлік өнерін жолға қойуына мүмкіндік туғызған Сәкен Жүнісбекұлы болатын. Ол әйгілі зергер Дәркенбай Шоқпароавтың төл шәкірті. Қазір Абылайханның есімі асқан зергер ретінде республика жұртшылығына танылып отыр. Бірнеше дүркін республикалыық байқаудың жеңімпазы атанды. Оның қолынан шыққан алтынмен апталап, күміскен күптелген зергерлік бұйымдары  Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келушілерді тамсандыруда.

Тұла бойы ізгілік пен жақсылықтан жаралғандай болып көрінетін қор директоры көмек сұрай келген әр азаматқа қол ұшын беруге қашанда әзір тұрады. Ол сыпайы мінезімен, салиқалы ақыл-кеңесімен, азаматтық парыз бен қарыздың түпкі төркінін жете түсінуімен өз замандастарынан дараланып тұрады. Сәкеннің тағы бір ерекшелігі қаламгерлігінде жатыр. Ол облыстық және республикалық басылымдарда ел мен жер тарихына байланысты  танымдық материалдарымен жиі көрінуде. Оның әр мақаласы тартымдылығымен, өзектілігімен көзге түседі. Негізгі мамандығы тарихшы болғандықтан бұл тақырып оған етене жақын. Содан да болар жоғарыда сөз еткен кітаптың өзі туып, өскен ауылының кешегі өткен тарихы мен бүгінгісіне, бір ауылдан шыққан жақсылар мен жайсаңдардың өмір жолдарын айшықтауға арналып отырғаны.

Сәкен ұзын аққан Ұранғайдың бойына, қарт Қалбаның бір сілемі болып табылатын көгілдір Көктаудың баурайына орналасқан ұядай Бестерек ауылы жайлы материалдарды ұзақ жинастырды. Өскемен мен Семейдің мұрағаттарында отырып, шаң басып қалған газет-журналдарды ақтарып, тарихтың қатпарында белгісіз болып жатқан қажетті мағлұматтарды тізбеледі.  Айталық, Бестеректің төл тумалары, осы ауылдан шыққан алғашқы ұстаз Ғадас Садықовты, ауылдың ірге тасын қалаған Шәкет Мадияновты, журналист Зәбер Баяновты, бірнеше орденнің иегері Шәмшіқамар Бейсенованы, тағы да басқалардың кім болғандарын бүгінгі жас ұрпақты былай қойып, көздері тірі  орта буындағылардың өздері біле бермейтін шығар. Кітап авторы заманында осы ауылдың ірге тасын бірге қаласып, оның өсіп, өрекендеуіне, қала берді Ұлан ауданының дамуына  өлшеусіз үлес қосып кеткен абзал да аяулы жандардың есімдерін  жаңғыртып, ортамызға қайта оралтып отыр. Бір ауылдың тарихын молынан қамтыған танымдық-анықтамалық маңызы зор бұл кітап Бестеректегі әр үйдің кітап сөресінен орын алған. Аталмыш еңбек бүгінгі жас жеткіншектерді туған өңірін, ауыл-аймағын сүюге баулыйтын әдеби құрал ретінде де құнды екені даусыз.

Бәріміздің де түп тамырымыз ауылда жатыр, әркім өзін туған ауылының 

патриоты санары шындық. Дейтұрғанмен, Сәкен Ғайсаның ауылына деген перзенттік сүйіспеншілігі мен сезімі тым ерекше екендігі осы еңбегінен айқын аңғарылып тұр. Кітап жазу деген айтуға ғана жеңіл,  оның мехнаты мен қиыншылығын шығармашылық жолға түскен жан ғана біледі. Ал, ол шығарма тарихи тұрғыда жазылар болса, оның машақаты мен жауапкершілігі екі есе ауыр. Осы еңбекті жазу барысында  қаншама уақытын мұрағаттардағы сарғайған құжаттар мен газет тігінділерін ақтаруға сарып еткені, қаншама адамдармен жүздесіп, сырласқаны автордың бір өзіне ғана аян шығар. Мұрағаттардан деректер жинаудың қиыншылығын білеміз, әсірелеп айтсақ, бір отау шөптің арасынан ине іздегенмен  пара-пар. Сәкен осының бәріне шыдап, талмастан, жалықпастан табанды түрде еңбек етті. Сөйтіп, бірнеше  жылға созылған мазасыз күндер мен ұйқысыз түндері артта қалып, төккен маңдай тері зая кетпей, өз жемісін берді.  Ал, жалпы айтсақ,  Сәкен Жүнісбекұлы туған ауылына осы еңбегімен ескерткіш орнатты десе де болғандай. Өзінің кіндік қаны тамған, көк шалғынына аунап өскен ауылын әр азамат осылайша ардақтар болса, кәнеки.

Елбасы Н.Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ұлтжанды азамат Сәкен Жүнісбекұлын жаңа шығармашылық жолға бастауда. Ол тағы да бір тарихи тақырыпқа бет бұрып отыр. Ал,әзірше оның егжей-тегжейі автордың құпиясы болып қала берсін.

Сөз соңында Президентіміздің қалың ел тарапынан зор қолдау тауып, асқан желпініс тудырып отырған мақаласына байланысты қолға алынып жатқан таңдаулы100 есімнің тізіміне Сәкен Ғайсаны енгізуді лайықты санаймын.                                     

Мұрат ӘМІРЕНОВ