Сәлима Жұмабекқызы Жұмабекова 1935 жылдың 25 тамызында Қармақшы ауданы, Ақжар совхозында жұмысшы отбасында дүниеге келген.

Әкесі Өсербаев Жұмабек 1942 жылы соғысқа аттанып, қайтып оралмаған. Ақжар совхозындағы «Бестам» мектебінен 1942-1950 жылдар аралығында 8 (сегіз) жылдық білім алған. Сегіз жылдық білім алғаннан кейін 1950 жылдан бастап анасы Өсербаева Ақсалыға көмекші сауыншы болудан еңбек жолын бастады. 1953 жылы қарашада жолдасы Дәулетов Ноғаймен тұрмыс құрды. Бұл кісі де сол совхозда озат механизатор болып еңбек еткен. 
1953-1959 жылдар аралығында Ақжар совхозында әр түрлі салада жұмыс жасады. 1959 жылы отбасымен Ленин совхозына көшіп келді. 
1959-1960 жылдар аралығында байланысшы болып еңбек етті.
1961-1962 жылдар аралығында құрылыста еңбек етті.
1963-1966 жылдар аралығында күріш өсірумен айналысты.
1964 жылы күріш өсіруде жоғары өнімге қол жеткізгені үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 
1966-1970 жылдар аралығында Дауылкөл ауыл советінің председателі қызметін атқарды. Осы аралықта «Лениннің -100 жылдық» белгісімен марапатталды. 
1970-1986 жылдар аралығында зейнеткерлікке шыққанға дейін күріш өсірумен айналысты.
Осы аралықтарда Сәлима Жұмабекова әр жылды мол өнім алумен аяқтап отырды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін 1986-1989 жылдары да үш жыл күріш еккен.
Еңбек ете жүріп бірнеше наградалармен марапатталған.
1970 жылы «Батыр Ана» атағымен,
1971 жылы «Ленин» орденімен,   
1980 жылы «Социалистік Еңбек Ері» және екінші рет Ленин орденімен марапатталған. Сонымен қатар Қазақстанның XIII-XIV съездерінің делегаты, ССРО Жоғарғы Советінің депутаты, ССРО –ның XXVI съезінің делегаты болды. 2000 жылғы «Ғасырдың Батыр Анасы», 2001 жылы 8 наурызда Астанада Елбасының қабылдауында болды. 2004 жылы «Тыңға-50 жыл» медалін алды.

Жолдасы Дәулетов Ноғаймен қатар еңбек ете жүріп 10 баланы тәрбиелеп, өсірді. Ноғай 1976 жылы қайтыс болды. Бұл күнде Сәлима Жұмабекованың 37 немересі, 13 шөбересі бар бақытты ана, Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.