Самал Әбуов – актер, режиссер

Самал Қадерұлы актер ретінде көптеген рөлдерімен көрерменнің есінде қалатын нағыз өз ісінің шебері. Актердің өз кейіпкерін жан-жақты талдап, оның мінез-болмысының қыр-сырын екшеп, саралауының арқасында небір жарқын образдар дүниеге келеді. Театрға келгеннен бері ол қырыққа жуық рөлде ойнады. Сондай-ақ, өзінің режиссерлік қырынан да көріне бастады.

Ол Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордаcы ауданы, Бисен ауылында 1975 жылы .26 маусым айында дүниеге келген. Еңбек жолын 1992 жылы Ш.Жексенбаев атындағы орта мектепте ұстаздық қызметтен бастаса, БҚО қазақ драма театрында 1997 жылдан бері актер ретінде жұмыс істейді. Сол жыл Дәулеткерей атындағы өнер институтының режиссерлық бөлімін бітірген.

1997 жылы Отан алдындағы борышын Алматы қаласындағы Б.Момышұлы атындағы әскери полкте өтеп, әскерден кейін 1998 жылы Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында С.Қожамқұлов атындағы музыкалық сазды драма театрында еңбек етті. Онда Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасында – Тұрсын, Ө.Боранбаевтың «Сотанайдың соңғы үйленуі» водевильде – Қоқай, Ш.Айтматовтың «Арманым-Әселім» драмасында – Шал т.б рөлдерін сомдады.

2000 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, 2009 жылы Б.Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік театр және кино өнер институтына түсіп, 2013 жылы кәсіби драма театр режиссері мамандығын иеленді. 2013 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағы ұйымдастырған «Көркем әдеби мәтіндерді антерпретациалау» курсына қатысып, сертификат алды. С.Әбуов –  өзі таңдап алған бағыты, шығармашылық жолы бар әртіс. Ол көп ізденудің, тапсырылған рольді жан-жақты дайындаудың негізінде ғана сахнаға шығуды өзіне мұрат тұтады. Соның нәтижесінде әртіс сомдаған рөлдер әрі шынайы, әрі нанымды болып келеді.

С.Әбуов театрға келгеннен бері ол қырыққа жуық рөлде ойнады. Олардың ішіндегі айтулылары ретінде Г.Хугаевтың «Қиқарлар» комедиясындағы – Сандроны, Т.Ахтанов «Ант» драмасында – Хазірет, Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясындағы – Нұрбай Ағабев, М.Дельмардың «Баянсыз бақ» драмасындағы – Левицкий, С.Ахмадтың «Суперкелін» комедиясындағы – Мамыр, Д.Исабековтің «Әпке» драмасындағы – Омар, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» драмасындағы –  Сейдахмет, Г.Гориннің «Атың өшсін, Герострат!» трагифарсындағы – Крисипп, И.Ғайыптың «Мәңгілік алтын адам» драмасында – Таңатар би т.б көптеген образдарын атап айтуға болады.

С.Әбуов өзін қоюшы-режиссер ретінде де таныта бастады. С.Әбуов талантты әртістігімен бірге, режиссерлық қырын да ұштап туындыларын театр сахнасына шығара бастады. Ол  қойған М.Ахманов пен М.Томановтың «Қошқар мен теке», А.Атымтаеваның «Кім патша», Е.Шварцтың «Золушка», Н.Мусаеваның «Сенімді дос» ертегісі кішкентай көрермендеріміз үшін тарту болса, драматург А.Айларовтың (аударған Э.Мақашева )«Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясы, Ж.Өзбекова «Толғақ» психологиялық драма, Ф.Буляков «Қысқа ғұмыр» мұңды драма қойылымдары театр үшін репертуарға тағы бір тың дүниелер қосылуымен құнды.

2015 жылы маусымның 19-26 аралығында, Мәскеуде А.П.Чехов атындағы ХII Халықаралық театр фестивалінің аясында өткен ТМД, Балтық, Грузия және Ұлыбритания елдері жас режиссерлердің лабораториясына қатысты. 

Сонымен бірге, әйгілі кино және театр майталмандары Владимир Панков, Виктор Рыжаков, Кама Гинкас, Адольф Шапиро, Анатолий Васильев, Андрей Кончаловскийден шеберлік сабағын алған.

С.Әбуов отбасында бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған өнерлі жанұя, «Қазақстан-Орал» телеарнасының «Мерейлі отбасы», «Ғашык Жүрек» бағдарламалырының кейіпкері ретінде ел жақсы біледі. С.Әбуов әріптестері арасында беделді, ұжымға сыйлы азамат. ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі