Сәмен Құлбарақ – ғалым

Мен, Сәмен Оразғалиұлы, 1956 жылы 15 тамызда Қызылорда облысы, Арал қаласында қызметкер отбасында дүниеге келдім.

1963-1973 жылдары Арал қаласында № 86, 220 мектептерде оқып, орта білім алдым. 1973-1977 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқыдым. 1977-1988 жылдары Қызылорда облысы Арал ауданындағы Қаратерең орта мектебінде, Арал қаласындағы № 177 орта мектепте, Қамыстыбас елді-мекеніндегі Қосжар орталау мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі қызметтерін атқардым.

1988 жылы Жамбыл қаласына қоныс аударып, Завод аудандық оқу бөлімінде әдіскер, НДФЗ-да көптиражды «Фосфорщик» газетінде тілші, редактордың орынбасары, Жамбыл ауданы Жасөркен елді мекенінің М.Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім қызметтерін атқардым.

1990 жылдан бастап Жамбыл педагогикалық институтында, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, «Қайнар» университетінің Жамбыл филиалында, А. Яссауи атынлдағы МКТУ Жамбыл филиалында, ТИГУ-де оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, доценті, ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқардым.

2011 жылдан бастап Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде декан, халықаралық байланыс және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор, «Әулие-Ататану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқарып келемін.

1994 жылы Алматы қаласындағы ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының диссертациялық кеңесінде «Т.Ахтановтың драматургиясы» тақырыбында кандидаттық, 2006 жылы Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің диссертациялық кеңесінде «Т. Ахтановтың жазушылық шеберлігі (прозасы бойынша)» тақырыбында докторлық диссертация (ғыл.кеңесші академик Р. Нұрғали) қорғадым. 2011 жылдан профессормын.

Әдебиеттану ғылым саласында 2 монография, 4 оқу-әдістемелік құралы, 70-тің үстінде ғылыми мақалаларым жарияланды.