Сәния Қабылова – Қарабалық ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы

Өзі білікті ұстаз, аудармашы, журналист және кітапханашы. Саналы ғұмырында сан саланың жүгін бірдей арқалаған Сәния Қабылова зейнет жасында Қарабалық ауданының ардагерлері, қарияларының басын қосқан кеңестің төрайымы болып отыр. Қостанай педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі, Көкшетау мәдени-ағарту училищесін кітапханашы мамандығы бойынша тәмамдаған оның еңбек жолы Аққұдық мектебінде бастайды. Новотроицк, Бөрілі мектеп-интернаттарында тәрбиеші бола жүріп, аудармамен де айналысқан, Ақмола облысы Жақсы ауданында жарық көретін «Дала таңы» газетінің тілшісі де болған. Сондай-ақ, Қарабалық өнер мектебі мен Новотроицк ауылының кітапханасында кітапханашы міндетін атқарған.

Ал, ұзақ жылғы еңбек тәжірибесі ескеріліп, Қарабалық ауданы мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалған. Сәния Қабылова лауазым иесі болса да бір жұмысқа байланып қалатын жан емес. Ол басшы бола жүріп бойында талант ұшқыны байқалған балаларды дәл тауып, оларды домбыраға үйреткен. 1991 жылы Жалпыодақтық халық шығармашылығы фестивалінде лауреат атанса, әр жылдары жемісті еңбегі үшін облыс, аудан әкімінің және «Нұр Отан» партиясы облыстық, аудандық филиалдарының алғыс хаттары мен марапаттарына ие болған. Суырып салма таланты арқасында облыстық және аудандық ақындар айтысында талай мәрте жеңімпаз атанған. 2016 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.