Сәуле Әбединова – театртанушы, журналист, өнертану магистрі

Сәуле Әбілдаханқызы театр саласынан журналистикаға батыл қадам жасап, халықтық сипат алған "Ақжүністей" бағдарламаны дүниеге әкелген, баспасөз басылымдарында да беделді қызмет етіп жүрген қоғам қайраткері.

Сәуле 1979 жылы Достықтағы Абай атындағы №13 қазақ орта мектебіне бірінші сыныпқа қабылданып, 7 сыныпқа дейін осы мектепте оқиды. 1986 жылы Алматыдағы әпкесінің қолына көшіп келіп, Ғ.Мүсірепов атындағы №86 қазақ орта мектебінде білім алады. 1989 жылы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының (бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы) театр факультетіне – «Театр және кино актері» мамандығына, әйгілі актер, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасына оқуға түседі. Алайда екі жылдан соң, 1991 жылы институт ректоры әрі «Актер шеберлігі» пәнінен сабақ берген ұстазы Әшірбек Сығайдың кеңесімен жаңадан ашылған театртану бөліміне – атақты театртанушы Бағыбек Құндақбаевтың сыныбына ауысады.

Жаңа мамандыққа келген студент Сәуле Әбединова өзінің жазуға деген қабілетін бірте-бірте таныта бастайды. 1992 жылдары студент кезінде-ақ оның алғашқы мақалалары «Өркен» жастар басылымында жарық көреді. Ұстазы Бағыбек Құндақбаев бірде: «Аспирантураға шәкірт қабылдасам деген ойым бар. Сенің жазуың жақсы. Ғылым жолын таңдауды ойланып көр...» дегенде, Сәуленің қуанышында шек болған жоқ. Алайда тұрмыс құруына байланысты ғылымнан бас тартуына тура келеді. Тіпті, оның институтты бітіру-бітірмеуі екіталай еді. Өйткені тұрмыс құрған соң оқуды жалғастыруға мүмкіндігі болмады. Бұл Сәуле Әбединованың өміріндегі ең ауыр кезеңдер болды. Тек 1994 жылы оқуын қайта жалғастырып, 1996 жылы «Театртану» мамандығы бойынша «Актер Төлеубек Аралбаевтың шығармашылық портреті» тақырыбында дипломын ойдағыдай қорғап шықты.

Сол жылы екінші баласын дүниеге әкелген ол балаларын асырап жеткізу мақсатында үй күтуші, айран-сүт сатушы, еден жуушы, секретарь-машинист сияқты әртүрлі жұмысты істеуіне тура келеді. Дегенмен, театрдың әр премьерасын жібермеуге тырысты. Бір жолы Сәуле қорқа-қорқа қолына қалам алып, жаза бастайды. Жазғанын республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті «Мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Әлия Бөпежановаға ұсынады. Атақты әнші, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаевамен жасаған сұхбаты сол аптада-ақ жарқ етіп шыға келеді. Бұл – Сәулені ерекше қанаттандырған оқиға болды. Содан кейін Әлия апайының тапсырмаларын орындап, «Қазақ әдебиеті» газетіне театр туралы мақалалар жазып жүрді.

Көп кешікпей, Әлия Бөпежанова басқа қызметке ауысуына байланысты, газеттің сол кездегі бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбекке «Мәдениет» бөлімінің меңгерушісі қызметіне Сәуленің кандидатурасын ұсынады. Сәуле Әбединова 2001 жылы мамыр айында осы газетке қызметке қабылданады. Арада алты ай өтпестен «Қазақстан» РТРК АҚ төраға орынбасары (кейіннен төраға) Ғалым Доскен қызметке шақырады. Сәуле Әбілдаханқызы 2001-2006 жылдар аралығында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында «Ақжүніс» авторлық бағдарламасының жүргізуші-редакторы болып еңбек етеді. Сол жылдары бұл бағдарлама халық көңілінен шыққан ең танымал бағдарлама болды. Оның ұлттық арнадағы «Ақжүніс», «Сахнаға сапар», «Ақжүністің қоржынынан» бағдарламаларының 200-ден астам саны эфирге шығып, көрермендердің көзайымына айналды.

Сәуле Әбілдаханқызы 2007 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театр» бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылданады. Алайда мардымсыз айлықпен екі баланы жеткізу мүмкін емес еді... 2008 жылы Республикалық «Айқын» газетінің «Мәдениет» бөліміне, декреттік демалысқа кеткен журналистің орнына уақытша мерзімге тілші болып қабылданады да, кейіннен «Мәдениет» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.

Ол 2010 жылы Республикалық «Дарабоз» журналының шеф-редакторы, 2011 жылы Республикалық «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарды. 2012 жылдан бастап бүгінге дейін Республикалық қоғамдық-әлеуметтік, әдеби-мәдени «Ақжүніс-Астана» журналының бас редакторы.

Сәуле Әбединованың жалпы еңбек өтілі – 27 жыл, журналистика саласындағы еңбек өтілі – 16 жыл, «Ақжүніс-Астана» журналының бас редакторы қызметінде – 5 жыл, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында аға оқытушы қызметінде – 2 жыл. Осы жылдар ішінде ол өзін білімді журналист, білікті ұйымдастырушы ретінде таныта білді.

«Өркен», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Жас алаш», «Дарабоз», «Жас қазақ үні» сынды республикалық және басқа аудандық, облыстық басылымдарда 200-ге жуық мәдени-танымдық, сараптамалық мақалалары мен сұхбаттары жарық көрді. Қазақстан Жоғары аттестациялық комиссия (ВАК) тізіміне енген ғылыми журналдарға оншақты мақаласы жарияланды.

Тек журналистикаға ғана емес, қазақ театрының дамуына да Сәуле Әбединова өзіндік үлес қосты. Қазақ театры туралы өзекті мақалалары, сахна шеберлерімен сұхбаттары, қойылымдар туралы талдау-сараптамалары оқырман тарапынан жоғары бағаланды.

Театр туралы бірнеше жинаққа («Есболған», Т.Жаманқұлов «Сөз», Р.Мұқанованың екі томдық шығармалар жинағы т.б.) Сәуле Әбединованың еңбектері енді. Ол жазушы, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапайдың «Күлкі және көз жасы» кітабын редакцияға дайындап, өз баспасынан жарыққа шығарды (2015). Сәуле Әбединованың «Театрға тағзым» атты монографиясы жарық көрді (2016).

Сәуле Әбединова 2012 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қоғамдық-әлеуметтік, әдеби-мәдени «Ақжүніс-Астана» журналын ашты. Журнал халыққа ерен еңбегімен танылған тұлғалардың жетістіктерін насихаттайды, нағыз кәсіби, білікті мамандардың есімін елге танытуды, ел үшін еңбек етіп жүрген ер-азаматтармен қатар, қазақ қыздарының келбетін, іскер әйелдердің жетістіктерін, ардақты аналарымыздың өмір баспалдақтарын жастарға үлгі етеді.

Сәуле Әбединова өзінің білім көкжиегін үнемі жетілдіріп отырады. 2016 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының магистратура бөлімін тәмамдап,  «Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қалыптасуы мен даму жолдары (1991-2016)» тақырыбында магистрлік диссертациясын сәтті қорғап, үздік дипломмен бірге «өнертану магистрі» ғылыми дәрежесіне ие болды. Бүгінде Өнер академиясында келісімшарт негізінде «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы. «Әлем театрының тарихы», «Қазақ театрының тарихы», «Мамандыққа кіріспе», «Редакциялау негіздері» пәндерінен дәріс оқиды.

Ол таяуда Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында тұңғыш рет өткен республикалық «Алтын сақа» театр фестивалінде қазылар алқасының мүшесі болды (2017).

Сәуле Әбединова ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Құттықтау хаты (2005), ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Құрмет» грамотасы (2004), Тәуелсіз «Алтын жұлдыз» сыйлығы (2005), Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Құрмет» грамоталары (2003, 2004), Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының «Алғыс хаты» (2015), ҚР Түркия республикасындағы Елшілігінің «Алғыс хаты» (2015), Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің «Құрмет» грамотасы (2016) т.б. көптеген алғыс хаттардың, дипломдар мен сертификаттардың иегері.

ҚР Журналистер одағының және Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Тәуелсіз «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері.

Сәуле Әбілдаханқызы екі баланың анасы. Ұлы – Нұрмағамбет Абзал Мәскеудегі Ресей халықтар достығы университетін (РУДН), қызы – Нұрмағамбет Айза А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебін қылқобыз мамандығы бойынша бітірген.

«Ақжүніс» тек маған ғана емес, талай қазаққа «ақжолтай» хабар болды. Сол үшін де кейде кеудемді мақтаныш сезімі кернейді – жұртқа сәл де болса пайдам тигеніне көңілім марқайып, іштей қуанып қаламын…" - дейді Сәуле Әбілдаханқызы. Ендеше, журналистика саласында аянбай тер төгіп жүрген кейіпкеріміз 100 жаңа есімнің қатарынан табылады деген ойдамыз.