Сейілбек  Шаухаманұлы  1939  жылы 15 мамырда  Қызылорда  облысы,  Жаңақорған  ауданының  Өзгент  ауылында  дүниеге  келген.  Қазақ мемлекеттік  ауыл  шаруашылығы  институтын  және  Алматы  жоғарғы партия  мектебін бітірген. Инженер,  саясаттанушы, экономика  ғылымдарының  кандидаты.

  

Ол қатардағы  инженерден  облыстың  бірінші  басшысына  дейін  өскен.  Ширек  ғасыр  облысымыздың  Шиелі,  Тереңөзек, Жалағаш,  Сырдария  аудандарында  комсомол,  шаруашылық,  Кеңес,  партия  органдарын  басқарған.  Сегіз  жылдың  үстінде  халық  депутаттары  Талдықорған облыстық  атқару  комитетінің  төрағасы,  Қызылорда облыстық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы,  облыстық  Кеңестік  төрағасы,  облыс  әкімшілігінің  басшысы,  облыс  әкімі  болып  қызмет  атқарған.  Алты  жарым жыл  бір  орындықта отырып қызметінің  бес  рет өзгергеніне  қарамастан  жұмысты  уақыт,  заман  талабына  сай халық,  мемлекет  мүддесіне  бағыттап,  үйлестіре  білген. Қай жерде, қай  жұмыста  болмасын  өзінің өшпес  ізі  бар, өзіне  тән  қолтаңбасы бар,  туған  еліне  еселі де елеулі  еңбек  сіңірген  азамат.
    Сейілбек  Шаухаманұлы  бұрынғы  Одақтың  тұсындағы  облыстық  партия комитетінің  соңғы  бірінші хатшысы  және  тәуелсіз Қазақстан  Республикасы  көк  байрақ көтерген  тағдырлы  кезеңде  облыс  әкімшілігінің  бірінші  басшысы, бірінші облыс  әкімі,  бірінші  сенатор. Егемендігіміз бен  елдігіміздің  алғаш  қалыптасу  барысындағы  тар жол,  тайғақ  кешуде  саяси-экономикалық  реформаларды  тұңғыш  ұйымдастырушылардың,  мемлекеттігімізді  нығайтуға белсенді  ұйытқы  болушылардың  бірі.
    Ол Қызылорда  облысын  басқарған  кезде  Сыр  топырағында 5 елдің – Қазақстан,  Ресей,  Өзбекстан,  Қырғызстан  және  Тәжікстан  мемлекеттерінің  басшылары  бас  қосып,  Арал  проблемасы туралы  Халықаралық Конференция  өткізілді,  Арал  өңірі тұрғындарын  әлеуметтік  қорғау жөнінде  заң  қабылданды,  облыста  мұнай  өндіру  қолға  алынып,  түбегейлі  жаңа  өндірістік  сала  игеріліп, теледидар мен  агро - инженерлер институты  ашылып,  тамаша   диагностикалық  кеңес  беру – емдеу орталығы  және  көп  салалы  жаңа  облыстық  аурухана  салынды. Басқа  да  іргелі  істер  жетерлік.
    Сейілбек  Шаухаманұлы  Қазақстан КП  Орталық  Комитетінде  жауапты  қызмет  атқарып, ҚР Көші-қон  және  демография  агенттігінде  басшылық  жұмыста  болған.
    Ол КОКП мен  Қазақстан  Компартиясы Орталық Комитеттерінің  мүшелігінде  сайланған ХІ  және ХІІ  шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің  депутаты.  Бірнеше  рет  облыстық  партия комитетінің  мүшесі, облыстық  Кеңес  депутаты  болды. «Қазан  революциясы», «Еңбек Қызыл Ту»,  «Құрмет»  белгісі,  «Халықтар достығы»  ордендерімен,  бірнеше  медальдармен  марапатталған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы  қарсаңында отандық «Құрмет»  2009 жылы «Парасат» орденімен наградталган.
Қазақстан  мен Өзбекстанның Құрмет  грамоталарымен  марапатталған. Хорезмнің, Қызылорда, Алматы  облыстарының құрметті азаматы,  Жаңақорған ауданының  «Ғасыр  адамы». Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы. 
Қазақстан Республикасының Журналистер, Жазушылар, Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі. «Алтын алма, ақыл ал», «Ер қанаты», «Мұхтар Әуезов Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы», «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл жердің», «Шаухаманов. Қайраткер.», «Бақытыңды бағалай біл», «Парыз бен парасат» кітаптарының авторы. «Ақ бата», бірінші, екінші кітабының, «Жүз жаса», «Қарттарын қадірлеген қасиетті өңір», «Қызылордалық қаһармандар» атты кітаптарының редакциялық алқасының төрағасы.
Қазір облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы. 
Облыс ардагерлер ұйымдары ардагерлерге жағдай жасауда, елдің ауызбіршілігін сақтауда, жастар тәрбиесінде, ұрпақтар сабақтастығында, салауатты өмір салтын қалыптастыруда сан – алуан жұмыстар атқарып келеді. Облыстық ардагерлер кеңесінің осы оң жұмыстарын Орталық кеңес мақұлдап, тәжірибесін Республикаға таратуда.
Ол жұбайы Жұпаркүл Сматқызымен 54 жыл бойы тағдырдың ащы-тұщысын тең бөлісіп, елі мен халқына қалтқысыз қызмет етіп, тату-тәтті, мақсатты да мағыналы, өнегелі де жарасымды өмір жолында. Үлкен отбасының, әулетінің, ел-жұртының қамқоршысына айналып, алты бала, он бір немере өсіріп, тәрбиелеуде.