Серғазы Мыңжасарұлы 1956 жылы 15 тамызда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ кентінде туған.  Қатерлі ісікке қарсы препаратты ойлап тапқан ғалым.

1978 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «химия» мамандығы бойынша бітірген. 1978-1983 жж. – Қазақ КСР ҒА Химия-металлургия институтының аға лаборанты, инженері, кіші ғылыми қызметкері; 1983-1995 жж. – ҚР ҰҒА органикалық синтез және көмір химиясы Институтының табиғи құрамдар лабораториясының аға ғылыми қызметкері, меңгерушісі; 1995-2006 жж. – институт директоры (ҚР Үкіметінің 27.09.2005 ж. №953 қаулысымен «Фитохимия институты» РМКК қайта ұйымдастыру арқылы «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ болып қайта құрылды); 2006-2009 жж. – «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ Президенті (2009 жылы «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» болып өзгертілген); 2009 жылдан осы уақытқа дейін – «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің» Басқарма төрағасы.

1200-ден астам ғылыми еңбектің авторы, сонымен қатар 70 патенті бар, оның 18-і шетелдік. Кеселді ісікке қарсы «Арглабин» жаңа бірегей отандық препаратын дайындаушы. Ол, сондай-ақ, «Салсоколлин», «Атеролид», «Саусалин», «Экдифит» сияқты отандық дәрілік бірегей препараттарды жасап шығарды.

Академиялық атағы: профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі, ғылыми дәрежесі: химия ғылымдарының докторы. Академик С.М. Әдекенов Қарағандыда дүниежүзі мойындаған биоорганикалық химия және табиғи құрамдар химиясы саласы бойынша ғылыми мектепті ұйымдастырушы. Оның ғылыми жетекшілігімен 12 докторлық және 64 кандидаттық диссертация қорғалды.

Серғазы Мыңжасарұлының тікелей басшылығымен, «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің базасында Қарағанды фармацевтикалық кешені салынып, пайдалануға берілді, республикалық фармацевтикалық кластер және республикалық биологиялық белсенді құрылымдар банкі жасалды.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев атындағы алтын, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» (2014), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015) мерекелік медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен (1981) марапатталған, Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері.

С.М. Әдекенов облыстық мәслихаттың алты шақырылымының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып табылады.

Үйленген, төрт қызы бар.