Серік Қуандықұлының елімізге тигізген пайдасы мен жеткен жетістіктері жайлы ұзақ әңгімелеуге болады. Алайда, кейіпкеріміздің өзінің айтуынша ең алдымен ол — ғалым, дәрігер.

Серік Қуандықұлы 1952 жылы, 3 шілде күні Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. Үш баланың кенжесі. Әкесі соғыс жылдары ұшқыш болған. Бала Серік те әкесіне еліктеп жас кезінде ұшқыш болуды армандаған екен. Ол нейрохирургия саласына тосыннан келген. Нағашы атасы жергілікті жұртқа танымал сынықшы болғандықтан, медициналық институтты бітірген жас маман атасына еліктеп травматолог болғысы келген. Алайда 1978 жылы Мәскеудегі Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми зерттеу институтының директоры, профессор Александр Коновалов іс-сапармен Ақтөбеге келеді. Профессор Серік Қуандықұлының үйінде қонақта болып, 5-6 күн қызметтес болады. Іс-сапар аяқталып, Буденко Мәскеуге кетерінде Серік Ақшолақовқа травматологияны қойып, нейрохирургиямен айналысуға кеңес береді. Атақты профессордың айтқанын тыңдап, Серік Ақшолақов білімін жалғастыруға Мәскеуге аттанады. 1978 жылдан бастау алып, қырық жылға жуық уақытқа созылған ғалымның жеткен жетістіктеріне тоқталайық.

Ол - Қазақстанда эпилепсияны операциялық жолмен емдеуді тұңғыш енгізген ғалым. Халықаралық Еуразиялық нейрохирургия Академиясының академигі. Дүниежүзілік дәрігерлер қауымдастығының шешімімен берілетін «Әлем дәрігері» атағын 2008, 2009 жылдары екі рет қатарынан иеленіп, «Платиналы Тарлан», Пирогов атындағы сыйлықтардың иегері, «Парасат» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Серік Ақшолақов Жаратылыстану ғылымдары академиясының және Халықаралық Еуразиялық нейрохирургия Академиясының академигі.

Оның соңғы жылдарда тәрбиелеген 5 ғылым докторы мен 15 ғылым кандидаты қазір әрқайсысы өз жолын тауып бұл саланың дамуына жан-жақты үлес қосып жүр. Сонымен қатар шет елдік танымал журналдарда 100-ге жуық ғылыми мақалалары жарияланған Серік Ақшолақов 13 ғылыми монографияның авторы.

2017 жылы туған жеріне қыдырып келген Серік Ақшолақовты «ауылдан жаяу кетпесін» деген ниетпен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті жұрттың атынан көлік мінгізетінін жеткізді. Алайда, мейман темір тұлпарды облыстық жедел жәрдем ауруханасына табыстады.

2010 жылы ҚР Президентінің «Парасат» орденімен марапатталды. 2016 жылы Елбасының қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын иемденді.

Қазір Астанадағы ғылыми Нейрохирургиялық орталығының басқарма төрағасы. Бұл мекемеде Серік Ақшолақовтың жетекшілігімен 5 мыңнан астам операция жасалған. Негізгі ғылыми-зерттеу жұмысын бас ми ішінен және ми қабыршағынан болатын орталық жүйке жүйесі мен жұлын ісіктерін, бас сүйек, ми жарақаттарын емдеу ісіне арнаған. 150-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді. Сондай-ақ 8 патент пен авторлық куәліктің иегері.

Өмірлік ұстанымы: «Нағыз дәрігер өз ісіне берілген, жаны таза, жүрегі адал азамат болуы керек».