Серік Пірмаханов 1940 жылы 11 қарашада Қызылорда облысының Жалағаш ауданында туған. 1959-1964 жылдары Алматы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген соң, еңбек жолын Қызылорда облыстық драма театрында суретші-декоратор болып бастады.

1964-67 жылдары Совет армиясы қатарында болып, оралған соң театрдағы қызметін қайта жалғастырды. 1972 жылдан бері Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының бас суретшісі  қызметін атқарып келеді. Осы жылдар ішінде суретші екі жүзден аса спектакльдерді көркемдеді.

1990 жылдан ССРО Суретшілер Одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының мүшесі. 1998 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атағына ие болды. Өнердегі еңбегі  үшін республикалық, одақтық дәрежедегі дипломдармен, «Астана» медалімен  марапатталды. Соның ішінде Г.Хухашвилидің «Өмір жолы» спектаклі үшін Бүкілодақтық байқаудың дипломын, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклінің көркемдік шешімі үшін республикалық байқаудың сыйлығын, В.Шекспирдің «Король Лир» спектаклі үшін республикалық байқаудың ІІ дәрежелі дипломын, И.Эркеннің «Сау басыма сақина» трагикомедиясының  көркемдік шешімі үшін Венгр драматургиясы фестивалінің лауреаттығын жеңіп алды. 2000 жылы Павлодар қаласында өткен Қазақстан театрларының ҮІІІ фестивалінде Д.Исабековтің «Аққу-Жібек» спектаклінің көркемдік шешімі үшін «Ең үздік сценография» жүлдесінің иегері атанды. 

Суретшінің үлкен табысының бірі – ол Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», трагедиясының көркемдік шешімдері. Суретші бұл қойылымда жаңа сценографиялық тілмен спектакльдің трагедиялық үнін философиялық ірілікке көтере алды. Суретші ГДР драматургиясының Бүкілодақтық фестивалінің дипломына ие болды. 

2005 жылы ол көркемдеген В.Шекспирдің «Макбет» қойылымы бас жүлдені жеңіп алды.  Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің «Аласапыран» трагикомедиясы Қазан қаласында өткен түркі халықтарының ҮІІІ театрлар фестивалінде бас жүлдеге ие болды. 2010 жылы Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағы тағайындаған шығармашылық еңбектің ерекше жетістігі үшін берілетін «Еңлікгүл» сыйлығының алғашқы иегері.